Прокуратура Ақбаян Мұқанғалиеваның психиатриялық сараптамасын жариялады

Атырау облысының прокуратурасы Ақбаян Мұқанғалиеваның процессуалдық мәртебесіне де қатысты мәлімет берді

Прокуратура Ақбаян Мұқанғалиеваның психиатриялық сараптамасын жариялады
Фото: ІІМ/Видеодан скрин

Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева Алматыда стационарлық кешенді психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтті. Атырау облысының прокуратурасы сараптама қорытындысын жариялап, әйелге қатысты тергеудің қазіргі мәртебесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.

Ақбаян Мұқанғалиеваның есімі Жаңгелдин ауылында төрт адамның өліміне қатысты сот процесі барысында бірнеше рет аталды. Ол бұған дейін осы іс бойынша айыпталып отырған Сәрсемалиевпен некеде болған және оның балаларының анасы саналады.

Редакция жолдаған сауалға берген жауабында прокуратура Алматыда жүргізілген стационарлық кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша мамандар оған әрі қарай бақылау қажет деген қорытынды жасағанын хабарлады.

«Алматы қаласындағы стационарлық кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиева динамикалық бақылау мен дифференциалды диагностикадан өтуі қажет», – деп мәлімдеді қадағалау органы.

Прокуратура оның процессуалдық мәртебесіне де тоқталды. Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 27 сәуірде Мұқанғалиеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Алайда оған қатысты тергеу толық аяқталған жоқ. Негізгі қылмыстық істен Қылмыстық кодекстің 434-бабы – «Қылмыс туралы хабарламау» бойынша бөлек іс өндірісі бөлініп шығарылған.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, Мұқанғалиеваның әрекетіне әлі түпкілікті құқықтық баға берілген жоқ. Оған қатысты қандай да бір бұлтартпау шарасы таңдалмаған.

«Қылмыстық қудалау органы істі дұрыс шешу үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық әрі объективті зерттеу мақсатында барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады ведомство.

Прокуратура сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін еске салды.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында бұрынғы жұбайының төрт туысын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты іс қаралып жатыр.

Сот отырыстары барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның есімі қылмысқа дейінгі және одан кейінгі оқиғаларға байланысты бірнеше рет аталған.

29 мамыр күні Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Жаңгелдин ауылындағы отбасы өліміне қатысты іс бойынша куәгерлерден жауап алынған.

Қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр. Айыпталушылар орнында Сұлтан Сәрсемалиев отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 13 бабы бойынша айып тағылған.

Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Индонезияда ұсталған. Қаза тапқандардың күйеу баласы іс бойынша күдікті ретінде танылған. Ақбаян Мұқанғалиева стационарлық кешенді психологиялық-психиатриялық сараптамадан өту үшін Алматыдағы сот сараптамасы институтына жіберілген болатын.