Жартастағы жазу үшін жаза бар: ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады

Автор: Алмас Ерсін

Ведомство өкілдері Қазақстанда табиғи нысандарды бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Қазақстан ІІМ табиғи және тарихи нысандарды бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған соңғы уақытта әлеуметтік желіге жариялау үшін жасалатын вандалдық әрекеттердің көбеюі себеп болған. Кейбір адамдар жартастарға жазу жазып, ескерткіштер мен мемлекет қорғауындағы өзге де нысандарды бүлдіріп жүр.

Табиғи ескерткіштер, қорықтар, ұлттық парктер мен тарихи нысандар – елдің ұлттық байлығы. Олар заңмен қорғалады.

«Жартастарға, ескерткіштерге және өзге де мәдени әрі табиғи объектілерге жазу жазу, оларды зақымдау – заң бұзушылыққа жатады. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 294-бабына (Вандализм) сәйкес, мемлекет қорғауындағы объектілерді бүлдіргені үшін 100-ден 2000 АЕК-ге дейін айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, 50 тәулікке дейін қамау, бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - делінген хабарламада. 

Ведомство өкілдері вандализмнің кез келген көрінісіне заң аясында қатаң баға берілетінін атап өтті. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін жаза міндетті түрде қолданылады.

Еске салайық, Ыбықты сай шатқалында вандализм жасаған жас жігіт жазаланды.