Олар ұшақ бортында Грузия азаматын ұрып тастаған
Өткен жылдың желтоқсанында Бангкокқа ұшуы тиіс Air Astana рейсінде болған төбелес әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Ұшақ салонынан таралған видеода бірнеше ер адамның жаға жыртысып, жолаушылардың «рейстен түсіріңдер» деп шулағаны көрінеді. Анықталғандай, олар даудың басы қырғыз азаматының сыртқы киімінен басталған екен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Журналист Михаил Козачков жазғандай, осы төбелеске байланысты халықаралық рейс едәуір уақытқа кешіккен. Төбелестің мән-жайын анықтау үшін ұшақ ішіне шекарашылар мен полиция қызметкерлері кірген. Кейін белгілі болғандай, төбелестің негізгі фигуранттары 41 жастағы Вадим Кан мен 33 жастағы Мирлан Камчыбеков атты Қырғызстан азаматтары екен. Олар Грузия азаматы Георгий Чконияға шабуыл жасаған.
Тергеу материалдары көрсеткендей, бұл дауағы Вадим Канның сырт киімі себеп болған.
«Қырғызстан азаматы Вадим Кан күртешесін шешіп, орындыққа ілген кезде, оның сырт киіміне Грузия азаматы Георгий Чконияның аяғы тиіп кеткен. аяқпен басып кеткен. Чкония күртеге аяғының абайсызда тиіп кеткенін айтса да, Қырғызстан азаматтары ашуға басып, грузиялық жолаушыны ұра бастаған. Тіпті оны тұншықтыруға әрекет жасағаны айтылады. Басқа жолаушылар араласып, төбелес тоқтаған. Сөйтіп, Бангкоктағы демалыс пен «бойдақтар кешінің» орнына екі азамат төрт ай бойы Алматыдағы тергеу изоляторында қамалған», - деп жазады журналист.
Тергеу кезінде олардың рейс алдында бір бөтелке виски ішкені, ал ұшаққа отырғаннан кейін агрессивті мінез көрсете бастағаны анықталған. Қырғызстан азаматтарының әрекеті «әуе кемесінің бортында жасалған бұзақылық» бабы бойынша қаралған. Бұл бап бойынша оларға алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін еді. Алайда судья Дастан Әлмағамбетов айыпталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын емес, айыппұл тағайындауды жеткілікті деп тапқан.
Сот үкіміне сәйкес, Вадим Кан мен Мирлан Камчыбековтің әрқайсысы Қазақстан қазынасына шамамен 6 миллион теңгеден төлеуі тиіс. Екеуі де тергеу изоляторынан босап шықты. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.