«Диагнозы ашық жазылмайды»: денсаулығы көлік жүргізуге жарамайтын адамдар енді автоматты түрде анықталады

Қазіргі заңға сай, адамды тек сот көлік жүргізу құқығынан айыра алады

«Диагнозы ашық жазылмайды»: денсаулығы көлік жүргізуге жарамайтын адамдар енді автоматты түрде анықталады
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет»

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов жол қауіпсіздігі және жүргізушілерді даярлауға қатысты заң жобасы денсаулық сақтау министрлігінің жүргізушілерге қатысты медициналық деректерін ішкі істер министрлігінің автоматтандырылған дерекқорымен интеграциялауды және ақпарат алмасу жүйесін жетілдіруді көздейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, жол қауіпсіздігі және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

«Бүгінгі күнге дейін көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар тұлғалардың жүргізуші құқығын тоқтату тек сот шешімі арқылы жүзеге асырылып келген. Бұл процесс ұзақ уақытты талап етіп, денсаулық жағдайына байланысты көлік басқаруға болмайтын азаматтардың жолға шығуына мүмкіндік берген жағдайлар болған. Мұндай ахуал, өз кезегінде, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар 22 600 адам тіркелген. Олардың ішінде 5 500 адамның жүргізуші куәлігі сот шешімімен тоқтатылған. Рәсімдеу процесі кей жағдайда айлар, тіпті жылдарға созылады», – деді Сабильянов.  

Жаңа тетік аясында азаматтардың нақты диагноздары ашық айтылмайды, тек «көлік басқаруға медициналық тұрғыдан болмайды» деген белгі ғана беріледі. Жалпы алғанда, заң жобасы жүргізушілерді даярлаудың неғұрлым тиімді, ашық және басқарылатын жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ елдегі жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Депутат Екатерина Смышляева аталған заң жобасының негізгі жаңашылдығына тоқталды. Заң жобасын талқылау барысында депутаттар тарапынан келіп түскен 184 ұсыныс жұмыс тобы мен комитет отырыстарында жан-жақты қаралған көрінеді.  Жұмыс тобы заң жобасын екінші оқылымға дайындау аясында өз жұмысын жалғастырады.