Жүк азық-түлік ретінде рәсімделген: Маңғыстауда кеденде контрабанда тоқтатылды

Контрабандалық жүк тиелген көлік Ресейден Тәжікстанға бағыт алған

Жүк азық-түлік ретінде рәсімделген: Маңғыстауда кеденде контрабанда тоқтатылды
Фото: Маңғыстау облыстық МКД баспасөз қызметі

Маңғыстау облысындағы «Тәжен» кеден бекетінде азық-түлік ретінде жасырылған ірі көлемдегі тауарды заңсыз тасымалдау әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Өңірлік мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылық ҚР ҰҚК Шекара қызметі қызметкерлерімен бірлесіп, «Тәжен» автомобиль өткізу пунктінде анықталған. Көлік Ресейден Тәжікстанға бағытталған экспорттық маршрутпен келе жатқан.

Инспекциялық-тексеру кешенін пайдалану барысында мамандарда декларацияланбаған жүк болуы мүмкін деген күдік туындаған.

Құжат бойынша крахмал, қант, печенье, сірке суы, сода және басқа да азық-түлік өнімдері тасымалданғаны көрсетілген. Алайда бастапқы тексеру кезінде мәлімделген және нақты жүктің арасында айтарлықтай сәйкессіздік анықталған.

«Қазіргі уақытта толық кедендік тексеру жүргізілуде. Мамандар тауарлардың нақты тізбесін, көлемін, құнын және сипаттамаларын анықтап жатыр. Тексеру нәтижесіне қарай қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деп нақтылады департамент өкілдері.

Ведомство өкілдері тауарларды жасыру және жалған мәлімет беру әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен тасымалдаушыларды кедендік талаптарды сақтауға және тасымалданатын жүк туралы шынайы ақпарат көрсетуге шақырды.