«Өзімнен 30 жас үлкен адам қыр соңымнан қалмай қойды»: Үшаралда жас қыз алты жылдан бері сталкерден зәбір көріп келген (ВИДЕО)

Автор: Асқарова Қарлығаш

22 жастағы қыздың ізін аңдыған ер адамның психикалық аутықуы бар болып шықты

Фото: скриншот

Жетісу облысы, Үшарал қаласында 22 жастағы қызды бірнеше жыл бойы мазалаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол изоляторға қамалды. Бұл оқиға әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қоғамда резонанс тудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бойжеткеннің айтуынша, бір қалада тұратын бұл ер адам оны осыдан алды жыл бұрын, яғни, небары 16 жасынан бастап аңдыған.

«Ол кезде мен 16 жаста едім, ал ол шамамен 45 жаста болатын. Алғашында көрші ретінде сөйлесіп жүрді. Кейін жеке өміріме араласып, нөмірімді тауып алып, үздіксіз хабарласа бастады», – дейді жәбірленуші.

Оның қудалауынан қорыққан қыз әлеуметтік желілерін бірнеше жылға жойып, ер адамның нөмірін де бұғаттаған. Алайда, ер адам оның жұмысына барып, тыныштық бермеген. 

«Ол мені жұмыс орныма келіп күн сайын мазалай берді. Қарым-қатынастан ашық бас тартқаныма қарамастан, ол бұл әрекетін тоқтатпады»,- дейді ол әлеуметтік желідегі жазбасында.

Қыздың сөзінше, уақыт өте келе ер адамның әрекеті агрессияға ұласқан.

«Ол мен туралы жалған ақпарат тарата бастады. Көршілерге кіріп, мені қорлайтын сөздер айтты. Ауылда мұндай әңгіме тез тарайды», - дейді ол.

Уақыт өте келе ер адам оның қайда барып, не істейтініне дейін біліп алатынды шығарған. Бірде күнделікті әрекетіне басып, қызға келіп тиісіп тұрғанда жәбірленушіге араша болмақ болған адамға пышақ ала жүгіріп, жанжал шығарған.

 «Мен бірден учаскелік полицияны шақырдым. Олар шамамен жарты сағаттан кейін келді. Мен видеоны көрсетіп, арыз жаздым. Басқа көршілер де түсініктеме берді. Бірақ соған қарамастан, нақты шара қабылданған жоқ. Келесі күні ол қайтадан келіп, бұрынғыдан да қатты айқай шығарып, мазалауын жалғастырды», - дейді ол.

Жетісу облыстық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған бейнематериал 2025 жылдың қараша айында түсірілген.

«Осы факті бойынша оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторлары бастапқы тексеру жүргізіп, қажетті материалдарды жинады. Азаматтың мінез-құлқына байланысты медициналық сипаттағы шаралар қабылдау үшін тиісті мекемеге жолданды. Қарау нәтижесінде ол мамандандырылған медициналық ұйымға орналастырылды», - дейді Полиция департаменті түсініктемесінде.

Ведомство бұған дейін арызданушы төбелеске қатысты шақырту жасағанымен, Сталкинг бойынша полиция органдарына жүгінбегенін айтады. Дегенмен жәбірленушінің айтуынша, оқиға бойынша  қоғамда резонанс туғаннан кейін ғана құқық қорғау органдары нақты әрекет ете бастаған. Яғни 2026 жылдың 29 сәуірінде жәбірленушіден сталкинг фактісі бойынша арыз қабылданып, оның негізінде қылмыстық іс қозғалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталған.

«Қазір азаматтың әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін барлық қажетті процессуалдық шаралар қабылданып жатыр. Сондай-ақ, күдікті қайтадан мамандандырылған медициналық мекемеге жатқызу мәселесі қарастырылып жатыр. Аталған жағдай Жетісу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған. Барлық құқыққа қайшы әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті баға беріледі», – делінген полиция хабарламасында.