Алматыда зейнеткерді алдап, үйін тартып алмақ болған қылмыстық топ ұсталды
Олар қарияны заңсыз ұстап, пәтерін өз атына рәсімдеуге көндірмек болған
Алматыда 81 жастағы жалғызбасты зейнеткерді алдап, үйінен айыруға әрекеттенген күдіктілер ұсталды. Қылмыстың жолы тұрғындардың қырағылығы мен полицияның жедел әрекетінің арқасында кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Түрксіб ауданында болған. Зейнеткердің жоғалып кеткені туралы оның танысы полицияға хабарлаған. Іздеу жұмыстары барысында қария қала маңындағы елді мекендердің біріндегі жеке үйден табылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер зейнеткердің сеніміне кіріп, оның осал жағдайын пайдаланған. Олар қарияны заңсыз ұстап, жылжымайтын мүлкін өз атына рәсімдеуге көндірмек болған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Үш күдікті – екі ер адам мен бір әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиевтің айтуынша, азаматтардың дер кезінде хабар беруі ауыр қылмыстың алдын алуға мүмкіндік берген.
«Азаматтардың дер кезінде хабарлауы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында ауыр салдардың алдын алып, зейнеткердің құқықтары қорғалды», - деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, күдіктілердің әрқайсысының рөлі тексеріліп жатыр.