«Жиеніме дауыс беріңізші» немесе онлайн-алаяқтар қалай жұмыс істейді
Жоқ балаларға, ойдан шығарылған байқауларға дауыс беруді сұрау – кең таралған алаяқтық тәсілдердің бірі. Бұл материалда оның қалай жұмыс істейтінін және мұндай алдауға қалай тап болмауға болатынын түсіндіреміз.
Схема қалай жұмыс істейді?
Әлеуетті құрбанға WhatsApp немесе Telegram арқылы таныс адамнан мынаған ұқсас хабарлама келеді: «Сәлем! Настяға дауыс беріп жібересің бе? Ол менің жиенім. Байқауға қатысып жатыр, жеңіске аз ғана дауыс жетпей тұр».
Хабарламаға міндетті түрде «дауыс беру сайтына» апаратын сілтеме тіркеледі. Сайт сырттай сенімді көрінуі мүмкін: балалардың суреттері, дауыс санауыштары болады.

«Дауыс беру» үшін пайдаланушыдан телефон нөмірін және SMS арқылы келетін кодты енгізуді сұрайды. Осы деректерді енгізген сәтте жәбірленуші өз аккаунтын басқаруды алаяқтарға береді.
Содан кейін қаскөйлер сіздің атыңыздан фишингтік сілтемелер таратады немесе жақындарыңыздан «шұғыл ақша керек» деген жалған сылтаумен қарыз сұрай бастайды.
Маған жазған танысым – алаяқ па?
Жоқ. Қылмыскерлер сіздің танысыңыздың аккаунтын бұзып, оның атынан хабарлама жіберіп отыр. Егер сіз сілтеме арқылы өтіп кетсеңіз, олар сіздің аккаунтыңызға да қол жеткізеді. Кейін дәл сондай хабарламалар сіздің атыңыздан жақындарыңызға жіберілуі мүмкін.
Мен сілтемеге өттім, бірақ код енгізбедім — демек қауіп жоқ па?
Өкінішке қарай, әрдайым олай емес. Кей жағдайда аккаунтқа қол жеткізу үшін код та қажет болмауы мүмкін. Мысалы, интернетте «дауыс берушілерден» Telegram арқылы «бет-әлпетті танудан өтуді» сұраған жағдайлар сипатталған. Ол үшін телефон нөмірін енгізіп, QR-кодты сканерлеу ұсынылады. Осыдан кейін аккаунт алаяқтардың қолына өтеді. (https://www.securitylab.ru/blog/personal/xiaomite-journal/354483.php)
Мен сілтемеге өттім және нөмірімді қалдырдым, бірақ мессенджер әлі жұмыс істеп тұр. Демек, бәрі дұрыс па?
Жоқ, бұл толық қауіпсіз дегенді білдірмейді. Сіздің атыңыздан хабарлама жіберу үшін алаяқтарға міндетті түрде аккаунттан шығарып тастаудың қажеті жоқ. Кейде олар басқа құрылғыдан жай ғана кіріп алады.
Көптеген мессенджерлер, мысалы WhatsApp және Telegram, бір уақытта бірнеше құрылғыда жұмыс істей алады. Яғни, сіздің аккаунтыңыз сіздің смартфоныңызда да, алаяқтардың ноутбугында да ашық тұруы мүмкін.
Мен сілтемеге өтіп, телефон нөмірімді енгізіп қойдым – не істеу керек?
Егер алаяқтар мессенджеріңізге қол жеткізді деп күмәндансаңыз:«Баптаулар» бөліміне кіріңіз. «Қосылған құрылғылар» тармағын таңдаңыз. «Барлық құрылғылардан шығу» батырмасын басыңыз
Осылайша, мессенджер тек өз құрылғыңызда ғана ашық екеніне көз жеткізесіз. Қауіпсіздікті күшейту үшін екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. Бұл да аккаунт баптауларында іске асады.
Менің атымнан хабарламалар жіберіп қойған сияқты — не істеймін?
Туыстарыңыз бен жақындарыңызды дереу ескертіңіз, аккаунтыңыз бұзылғанын айтыңыз. Сіздің атыңыздан келген сілтемелерге өтпеу керегін түсіндіріңіз. Ешкімнен қарыз сұрамағаныңызды нақтылаңыз.
Ал дауыс беру рас па, әлде алаяқтық па — қалай білуге болады?
Егер біреу сізден қандай да бір байқауда дауыс беруді сұраса және күмән туындаса: хабарлама жіберген адамға тікелей қоңырау шалыңыз немесе басқа мессенджер арқылы жазыңыз. Осылайша, оның өзі жазды ма, әлде бұл алаяқтардың әрекеті ме - нақты анықтай аласыз.
Таныстарым менің атымнан сұрағандай болып, алаяқтарға ақша аударып қойыпты. Банк аударымды кері қайтара ала ма?
Жоқ. Егер аударым ерікті түрде жасалса, банк оны кері қайтара алмайды. Ақша алушының келісімінсіз аударымды қайтаруға ҚР «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңымен тыйым салынған.
Егер сіз алаяқтарға ақша аударып қойсаңыз, көмек алу үшін құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Кейде алаяқтар өз құрбандарынан әлдеқайда ақылдырақ сияқты көрінуі мүмкін және қауіпсіздікті сақтау өте қиын әсер қалдырады. Бірақ шын мәнінде олай емес. Киберқылмыскерлердің арбауына түспеу үшін:күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, тіпті оларды таныстарыңыз жіберсе де, біреу сізден қарыз сұраса, міндетті түрде қоңырау шалып, оның өзі сұрап тұрғанына көз жеткізіңіз. Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, сіз өзіңізді, ақшаңызды және жеке деректеріңізді қорғай аласыз.
«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында балалар байқаулары мен түрлі дауыс беру арқылы алдау схемалары туралы бейнеролик жарық көрді. Онда алаяқтардың қалай әрекет ететіні көрсетілген.
Еске сала кетейік, Kaspi.kz Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің қолдауымен алаяқтықтың ең кең таралған схемалары туралы арнайы бейнероликтер сериясын түсірді. Бұл роликтер адамдарға алаяқтардың құрбанына айналмаудың жолдарын түсіндіруге бағытталған. Бейнероликтерді Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасынан көруге болады.