Ресейде Қазақстандағы төрт адамның өліміне қатысты атышулы іс бойынша үкім шықты
Қылмыс өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында жасалған
Алтай өлкесінде 1998 жылы Өскемен қаласында төрт адамды өлтіру ісін ұйымдастырған ер адамға сырттай үкім шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкім Алтай өлкесінде уақытша тіркеуде болған 67 жастағы Қазақстан азаматына қатысты шығарылған. Ол пайдакүнемдік мақсатпен, жалдамалы түрде екі және одан да көп адамды өлтіруді ұйымдастырғаны үшін, сондай-ақ атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау, беру және тасымалдауға қатысқаны үшін кінәлі деп танылды.
Тергеу мен соттың мәліметінше, 1997 жылы Өскеменде сотталған азамат пен оның құрбаны темекі өнімдерін контрабандалық жолмен тасымалдаумен айналысқан. 1998 жылдың қарашасында ол серіктесінің бизнесін иемденіп, қарызын қайтармау үшін оны өлтіруді ұйымдастырған.
Таныстары арқылы орындаушылар табылып, оларға жәбірленуші мен оның үш туысы туралы мәлімет берілген және қару сатып алуға ақша тапсырылған. Төртеуі де Өскемендегі пәтерлерінде атып өлтірілген. Осыдан кейін ұйымдастырушы сыбайластарымен есеп айырысқан.
«Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қылмысты ұйымдастырушыны іздестіру шараларын жүргізгендіктен, ол Ресей аумағына, кейін басқа мемлекетке жасырынған. Кейін қылмыстық іс әрі қарай тергеу үшін Ресей Федерациясына беріліп, Алтай өлкесі бойынша Тергеу комитетінің өндірісіне алынған. Содан соң ол халықаралық іздеуге жарияланып, оған сырттай айып тағылды», – деп мәлімдеді РФ Тергеу комитеті.
Алтай өлкелік сотында іс айыпталушының қатысуынсыз қаралды, ол халықаралық іздеуде жүр. Сот оны сырттай 19 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды.
Бұған дейін бұл іс бойынша тағы екі адамға Қазақстанда айыптау үкімдері шығарылған, ал орындаушылардың біріне қатысты қылмыстық қудалау оның қайтыс болуына байланысты тоқтатылған.