Шымкент әкімінің бұрынғы баспасөз хатшысы бес жылға сотталып кетті
Ол шенеуніктен 10 млн теңге бопсалаған
Шымкентте блогер Арай Есенбек бопсалау ісі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот оны Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі (бопсалау) бойынша кінәлі деп таныды. Іс материалдарына сәйкес, Есенбек бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің экс-баспасөз хатшысы болған. Кейін жеке медиа жобаларын іске қосып, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында жұмыс істеген.
Тергеу нұсқасы бойынша, өткен жылдың соңында блогер мемлекеттік органдардан түсетін қаржының азайғанына наразылық білдіріп, таныс шенеуніктен 10 миллион теңге талап еткен. Ол ақша берілмеген жағдайда өз медиаресурстарында жағымсыз материалдар жариялайтынын айтып, қысым көрсеткен.
Шенеунік талаппен келіскендей болып, кейін құқық қорғау органдарына жүгінген. Ақша беру кезінде Арай Есенбек ұсталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.