«Мөр көрінбейді»: СҚО-да қарапайым жүргізуші 13 жылғы еңбегін дәлелдеу үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған

Автор: Асқарова Қарлығаш

Арызданушы 1983–1996 жылдар аралығындағы еңбек өтілін сот арқылы дәлелдеді

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Солтүстік Қазақстан облысында зейнетақы төлемін рәсімдеу үшін азамат сотқа жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Бұл туралы Есіл аудандық соты мәлімдеді.

Сот материалдарына сәйкес, уәкілетті орган азаматтың еңбек өтілінің бір кезеңін есепке алудан бас тартқан. Атап айтқанда, 1983 жылғы 8 маусым мен 1996 жылғы 25 қараша аралығында Корнеев автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып істеген жылдары зейнетақы тағайындау кезінде ескерілмеген.

Бұған еңбек кітапшасындағы ұйым мөрінің анық оқылмауы және кәсіпорынның қызметін тоқтатуына байланысты құжаттарға түзету енгізу мүмкін еместігі себеп болған.

Сот барысында талапкер еңбек кітапшасының көшірмесін ұсынған, сондай-ақ куәлар оның аталған кезеңде жұмыс істегенін растаған. Істі қараған сот бұл деректі соттан тыс тәртіппен анықтау мүмкін емес деген қорытындыға келіп, зейнетақы төлемін тағайындау үшін маңызы бар заңды фактіні сот тәртібімен белгілеу қажет деп таныды.

Нәтижесінде сот талап арызды қанағаттандырып, азаматтың көрсетілген кезеңде еңбек еткенін заңды түрде растады.

Бірақ сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.