Алаяқтарға алдана жаздаған әйелді полиция дер кезінде тоқтатып қалды
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралып кетті. Алаяқтарға алдана жаздаған әйелдің қызы анасының күмәнді әрекетін байқап, полицияға хабар берген. Сол сәтте әйел ірі көлемде несие рәсімдеп, ақшаны алаяқтарға аударуға жақын тұрған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция қызметкерлері әйелдің соңынан жүріп, оны тоқтатуға тырысқан. Бірақ ол керісінше қашып, оларды өзіне жолатпаған. Телефон арқылы алаяқтармен сөйлесіп келе жатып, «мені полиция ұстайын деп жатыр» деп, жағдайды соларға баяндап отырған.
Себебі алаяқтар оны алдын ала қорқытып үлгерген. «Құпия тергеу жүріп жатыр», «ешкімге айтпа», «полицияға сенбе» деген сияқты сөздермен әйелді толық сенімге кіргізген. Тіпті «айтсаң, қамауға алынасың» деп үрейлендірген. Сол үшін әйел шын полицияны да жау көріп, қатты қорқып жүргені видеодан анық байқалады.
Ақырында полицейлер оны тоқтатып, сабырға шақырып, мән-жайды түсіндіріп үлгереді. Осылайша әйелді алаяқтардың ықпалынан шығарып, қомақты қаржысынан айырылып қалудан сақтап қалды.
Мамандар мұндай жағдайлар қазір жиілеп кеткенін айтады. Алаяқтар көбіне өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды қорқыту мен алдау арқылы әрекет етеді. Сондықтан күмәнді қоңырауларға сенбеу, ешкімге SMS-код пен жеке мәлімет бермеу маңызды екенін тағы бір мәрте ескертеді. Өйткені ресми мекемелер ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді.