Қазақстан блогерді осы жылдың қаңтарында халықаралық іздеуге жариялаған
Қазақстан Ішкі істер министрлігі Интерпол арналары арқылы, Вьетнам Социалистік Республикасының құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Камрань қаласында халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық блогер, миллиондаған оқырманы бар Қайсар Қамзаны заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасы ІІМ мәліметінше, блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казиноның жарнамалық бейнероликтерін жүйелі түрде жариялап, қолданушыларды құмар ойындарға қатысуға тартқан.
«Құқыққа қайшы әрекетінің нәтижесінде күдікті 100 миллион теңгеден астам көлемде заңсыз табыс тапқан. Қаражат оның атына тіркелген криптовалюталық әмиянға аударылып отырған», – деп мәлімдеді ведомство.
Қазіргі уақытта Қайсар Қамзаны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр. ІІМ шетелге жасырынып кету қылмыстық жауапкершіліктен босатпайтынын ерекше атап өтті.
«Іздеуде жүрген әрбір адам анықталып, ұсталып, Қазақстанға жеткізіледі. Бұл – тек уақыт мәселесі», – деп ескертті ведомство.
Еске салайық, осы жылдың басында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті танымал блогер Қайсар Қамзаға іздеу жариялаған болатын. 1995 жылы туған Қамзаға қатысты іздестіру ісі 2026 жылғы 10 қаңтарда елордада тіркелген.
Іздестірудің бастамашысы Қаржылық мониторинг агенттігі болса, жедел іс-шараларды тікелей Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген.
Блогер өзін АФМ іздеп жатқаны туралы ақпаратқа да үн қатқан. Іздеуге жарияланғаннан кейінгі келесі күні-ақ Қайсар Қамза Instagram Stories-те жайылған дастарқан басында түскен суретін жариялап, оған қысқа ғана «Бәрі жақсы» деген жазба қалдырған.
Оның Instagram парақшасында 2,3 миллионнан астам жазылушы бар. Әлеуметтік желілерде Қамза өзін travel-блогер ретінде таныстырады.