Ақмола облысында құнды жер заңсыз конкурс арқылы жекенің қолына өтіп кете жаздаған
Прокуратура жерді мемлекет меншігіне қайтарды
Ақмола облысының Сандықтау ауданында құны 82 млн теңгеге тең жер конкурс арқылы жекенің қолына өтіп кете жаздаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстың прокуратурасы конкурстарды тексере келе заңсыздықты анықтаған.
«Сандықтау ауданының прокуратурасы жер комиссиясының қызметін талдау барысында ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурс кезінде заңнама талаптары бұзылғанын анықтады. Дәлірек айтсақ, конкурстың қорытындысы үш кезеңде шыққан, ал қолданыстағы заңнамада конкурс өткеннен кейін бір күннен кейін конкурс қорытындысы жариялануы керек», - деп хабарлайды прокуратура.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша сот 7 жалдау шартын жарамсыз деп танып, жалпы ауданы 1 400 гектар болатын, құны 82 млн теңге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекетке қайтарып берген.
Бұған кінәлі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.