Алматыда жаңажылдық мерекеде қылмыс тіркелсе де, оқыс жағдай болған жоқ
Полицияның күшейтілген жұмыс режимі мен жедел әрекет ету қызметтерімен бірлескен іс-қимылының нәтижесінде тұрғындар мен қала қонақтарының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов мерекелік күндері тәртіптің сақталуын қамтамасыз етудің егжей-тегжейін баяндады.
Оның айтуынша, 15 желтоқсаннан бастап полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеген.
«Адам көп жиналатын орындарға – алаңдарға, саябақтарға, жаңажылдық және мәдени-бұқаралық іс-шара өтетін жерлерге тәртіп сақшылары көп назар аударды»,– деді ол.
Қаланың негізгі алаңдарында орнатылған барлық жаңажылдық шыршалар мен іргелес аумақтар полицияның тұрақты бақылауында болған. Мереке күндері жаяу және автосақшылардың қызметі күшейтіліп, қосымша күштер, учаскелік инспекторлар мен мамандандырылған бөлімшелердің экипаждары тынбай жұмыс істеген.
Елеусізовтің сөзінше, тіркелген 45 қылмыстың 32-сі патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардың күштерімен «ізі суымай» ашылған.
«Осы күндері қылмыстың алдын алуға көп көңіл бөлінді. Полицияның көшені, тұрғылықты жерлер мен қоғамдық кеңістіктерді барлап жүргені қауіпсіздік пен тәртіпті сақтауға ықпал етті»,– дейді ол.
Бұзақылық, тұрмыстық және отбасылық-тұрмыстық жанжал сияқты құқық бұзушылықтар негізінен мереке күндері жиілейтін болса да, полиция дер кезінде әрекет етіп, аса ауыр қылмыстарға жол берілмеген.