Енді Қазақстанда балалардың жазғы лагерлері лицензия алуға міндетті
Лагерлерді лицензиялау мен қосымша білім беруді реттеу туралы жаңа заң қабылданды
Балаларды сауықтыру лагерлерін лицензиялау және қосымша білім беруді реттеу туралы жаңа заң қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
«2026 жылдан бастап қосымша білім беру ұйымдары екі санатқа бөлінеді. Бірінші санат — қызметі лицензиялауға жататын білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдар. Екінші санат — хабарламалық тәртіппен жұмыс істейтін қосымша білім беру ұйымдары. Мұндай тәсіл саланы реттеуді жеңілдетуге әрі көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Қауіпсіздік пен қызмет сапасын қамтамасыз ету мақсатында балалар лагерьлері 2026 жылғы 1 сәуірден бастап лицензияланатын болады. Бұл балалардың демалысы, оқуы және сауықтыруы үшін қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеуге мүмкіндік береді.
Лицензияның қолданылу мерзімі бір жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Бұл ұйымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттілігін болдырмайды. Лицензияның бес жылға берілуі ұйымдар қызметінің тұрақтылығы мен мемлекеттік бақылауды жүйелі түрде жүзеге асыру арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының қызметін реттейтін тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жалғасуда.