Сурдлимпиада-2025: Қазақстан спортшылары 13 медаль жеңіп алды

Автор: Алмас Ерсін

Сурдлимпиада 15-26 қараша күндері Жапонияның Токио қаласында өтіп жатыр

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиаданың алғашқы үш күнінде Қазақстан ұлттық құрамасы 13 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 6 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлде бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сілтеме жасап.

2022 жылғы XXIV жазғы Сурдлимпиадада Қазақстан құрамасы рекордты 29 медаль (4 алтын) еншілеген болатын.

«Токиодағы жарыста сурдо дзюдодан Хамза Ғұлама (-66 кг), Шадияр Қуандық (-73 кг), Еркебұлан Қанафин (-81 кг) және Әмина Файзулина (-70 кг) алтын медаль жеңіп алса, Айдарбек Тоқтарбек (-100 кг) күміс жүлдегер атанды. Ал Сабыржан Хапизов (+100 кг), Алтынбек Кәкітаев (-60 кг), Айым Жетпісбаева (-48 кг) және Анна Карморова (-78 кг) қола медаль иеленді», - деп жазылған хабарламада.

Бүгін Қазақстанның ерлер командасы дзюдодан командалық жарыста жеңімпаз атанса, әйелдер құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізді.

Сурдо жеңіл атлетика сайысында Фаина Мейірманова биіктікке секіруден 1.79 метр нәтижемен Сурдлимпиада рекордын жаңартып, чемпион атанды. Сондай-ақ онсайыс бойынша Нұрсұлтан Күлдеев 5 725 ұпай жинап, қола медаль еншіледі.

Еске сала кетейік, биылғы Сурдлимпиада 15-26 қараша күндері Жапонияның Токио қаласында өтіп жатыр. Бұл – төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ең беделді халықаралық дода. Байрақты бәсекеде 81 елден келген 3 000-ға жуық спортшы 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада жүлделерді сарапқа салып жатыр. Қазақстан құрамасынан 78 спортшы 8 спорт түрі бойынша бақ сынауда.

Бұған дейін Алматыдағы Олимпиадаға даярлық орталығында Қазақстан ұлттық құрамасын Сурдлимпиадаға шығарып салу рәсімі өткен болатын. Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті Серік Сәпиев қатысты.

Салтанатты рәсім барысында министр ұлттық құрамаға Қазақстанның Мемлекеттік туын тапсырып, спортшыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тіледі.