Сыйлық жас ойыншылар үшін мотивация дейді Лория
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория «Қайрат» пен «Реал» арасындағы матчтан кейін жас футболшыларға берілген сыйлықтарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын, өйткені мен футбол ойнаған кезде мұндай болмаған. Ал қазір сәл басқа үрдіс қалыптасқан ғой. Әдетте жеңіліс үшін ешкім сыйлық бермейді. Дегенмен, бұл жігіттер үшін үлкен стимул», — дейді Лория Үкімет кулуарында.
Оның пікірінше, ойыншылардың жасы мен олардың бұған көзқарасын ескеру маңызды.
«Сыйлық алған балалар өте жас екенін ұмытпайық. Олар үшін бұл үлкен жетістік. Егер оларды осылай қолдауға дайын меценаттар болса, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы — сыйлық алған ойыншылар мұны дұрыс қабылдап, спорттағы нәтиже бір ғана ойынмен келмейтінін түсінуі керек. Оларды алда әлі көп ойын күтіп тұр», — деді ҚФФ бас хатшысы.
Осы орайда Лория Футбол федерациясы футболшы мамандығына аса жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті.
«Бірнеше күн бұрын біз шағын жиын өткіздік. Сол жерде мен: «Футбол — бұл біз үшін ойын емес, хобби емес, тіпті жай ғана жұмыс та емес. Бұл — тұтас бір өмір. Оған дәл солай қараңыздар» деген едім. Біз қазір федерацияда дәл осындай ұстаныммен жұмыс істеп жатырмыз», — деді ол.