Астанада мүгедектігі барларға арналған шахмат Олимпиадасы мәресіне жетті

Автор: Дәулет Ботагөз

Оған 29 елден 34 команда қатысты

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Астанада мүгедектігі бар шахматшыларға арналған Екінші шахмат Олимпиадасы мәресіне жетті. Оған 29 елден 34 команда қатысып, есту, көру және тірек-қимыл жүйесі бұзылған спортшылар «4+4» форматында бақ сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Жеңімпаздар анықталды

ФИДЕ-1 командасы финалда IPCA құрамасын 3½:½ есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді.

2023 жылғы чемпион Польша – күміс, Израиль – қола жүлде алды.

Команда капитаны Светлана Герасимова Қазақстан жайлы жылы пікір білдірді.

«Қазақстанға алғаш рет келдім. Өте заманауи қала, керемет адамдар. Осындай жоғары деңгейлі ұйымдастыру нәтижеге де әсер етті», – деді ол.

Қазақстандық командалардың нәтижесі

Қазақстан намысын үш команда қорғады:

  • Қазақстан-2 – 15-орын
  • Қазақстан ICCD – 18-орын
  • Қазақстан-3 – 26-орын

Ұйымдастыруға жоғары баға берілді

ФИДЕ вице-президенті Дана Рейзниеце-Тобороне Қазақстан туралы пікір білдірді.

«Біз өзімізді үйдегідей сезіндік. Ойыншылар бақытты болды — олар ең үздік партияларын көрсетті. Қазақстан өте жоғары стандарт қойды», – деді ол.

Ол Қазақстан Үкіметіне, Шахмат федерациясына және Астана әкімдігіне алғыс айтты.

Неге Астана таңдалды?

ФИДЕ техникалық делегаты Акаки Яшвили Қазақстанның шахматты дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Қазақстан – шахматты дамытудың әлемдік көшбасшысы. Мектептерде шахматты оқыту бағдарламасы халықаралық деңгейде үлгі болып отыр», – деді ол.

Астанада бұған дейін де ірі турнирлер – рапидтен әлем чемпионаты және халықаралық Гран-прилер табысты өткен.