«Бірінші таймда бір голды әрең салдық»: «Реалдың» жанкүйерлері 18 жастағы Шерхан Қалмырзаға тамсанды

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар 18 жастағы баланың шеберлігіне таң қалған

Фото: Шерхат Қалмырза атасы Еділ Рабаевпен

Х әлеуметтік желісінде «Қайрат-Реал» матчынан кейін Реал Мадридтің жанкүйерлері 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмырзаның ойынын жоғары бағалаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олар «Қайраттың» жас қақпақшысы әлі талай жақсы ойын көрсетіп, мықты маман болатынын жазған.

«Футбол ойнаймын деп балабақшадан ерте кеткен. 18 жастағы Шерхан Қалмырза Реал Мадридке қарсы тамаша ойын көрсетіп жатыр. Ешкім айтпаса да маған «Қайраттың» қақпашысының өзіне деген сенімділігі ұнады. Ол уақыт өте келе мықтырақ болады. 18 жасында 7 сейв жасау бұл керемет. Оның алар асуы әлі алда. «Қайрат» қақпашысы феноменалды ойын көрсетті. Әлі жас, тың, шебер. «Қайраттың» қақпашысы небәрі 18-де, біз бірінші таймда әрең дегенде бір гол салдық», - деп жазған олар.

«Қайраттың» жас қақпашысы Шерхан Қалмырза Чемпиондар лигасы тарихындағы үшінші ең жас қақпашы. Дебют жасаған сәтінде Қалмырзаның жасы небәрі 18 жас 3 ай ғана еді. Осы көрсеткішпен ол әйгілі Икер Касильясты басып озды. Испан қақпашысы Чемпиондар лигасында 18 жас 3 ай 26 күнінде алғаш рет алаңға шыққан болатын.

Ал кешегі «Реал-Қайрат» ойынында алматылықтар 5:0 есебімен жеңілсе де, қақпашының жақсы ойыны мен қорғанысын көпшілік мақтап, қолдап жатыр. Ойын аяқталған соң «Реалдың» қақпашысы Тибо Куртуа Шерханға жейдесін шешіп берген еді. Шерхан Қалмырзаның әлеуметтік желідегі парақшасында 85 мың оқырман болған, матчтан кейін 157 мың оқырманға жетті.