«Қайрат» VS «Реал» матчын көру үшін 5 мың турист келген – Алматы әкімдігі

Автор: Бақыт Шынар

Туристердің көбі шет елдерден келген көрінеді

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчын көру үшін Алматыға 5 мыңнан астам шетелдік турист келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы әкімдігіне сілтеме жасай отырып.

Әкімдік бұл статистиканы «e-Qonaq» ақпараттық жүйесінің деректерінен алған екен.

«Алматыда өтетін «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчын тамашалау үшін 26-29 қыркүйек аралығында 5 мыңнан астам шетелдік қонақ келді. Қазақстанның өзге өңірлерінен келген жанкүйерлермен бірге жалпы көрермен саны ондаған мың адамға жетті. Туризм басқармасы «e-Qonaq» ақпараттық жүйесінің деректеріне сілтеме жасап отыр», - деп хабарлайды Алматы әкімдігі.

Дереккөзге сүйенсек, туристердің көбі Қытай, Үндістан, Ресей, Қазақстанның басқа облыстарынан, сондай-ақ Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия, ТМД және өзге де Еуропа мемлекеттерінен келген.

«Матчтың экономикалық әсері айтарлықтай жоғары болмақ. Mastercard компаниясының мәліметінше, Алматыға келген шетелдік туристің орташа шығыны шамамен 1 500 АҚШ долларына жетеді. Бұл қаржыға қонақ үйде тұру, тамақтану, көлік, ойын-сауық пен сауда кіреді. Мұндай шығындар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, қызмет көрсету саласын жандандырады әрі қала экономикасына мультипликативті әсер етеді», - деп хабарлайды әкімдік.