Чемпиондар лигасының ойындары Қазақстан экономикасына 3 млрд теңге қаржы әкеледі

Автор: Алмас Ерсін

Алматыда өтетін 4 матчқа 4 мыңнан астам шетелдік мейман келеді деп болжанып отыр

Фото: instagram.com/f.c.kairat

"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы Чемпиондар лигасы аясында Қазақстанда өтетін матчтардың туристік әсері қандай болатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Компанияның мәліметінше «Қайрат» клубының Алматыда өткізетін 4 матчына 4 мыңнан астам шетелдік мейман келеді деп болжанып отыр. Бұл еліміздің экономикасына шамамен 3 миллиард теңге көлемінде қаржы әкелуі мүмкін.

«Алматының «Қайрат» футбол клубы тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Бұл отандық спорт үшін тарихи жетістік қана емес, Қазақстанның туризм саласына да елеулі серпін береді», - деп жазылған хабарламада.

УЕФА ережесіне сәйкес елге келген команданың жанкүйерлеріне стадиондағы орындардың 5 % көлемінде квота бөлінеді. Алматыда өтетін әр матчқа өз командаларын қолдау үшін орта есеппен 1000-ға жуық шетелдік жанкүйер  келеді деп болжануда.

«Экономикалық пайда негізінен шетелдік туристердің тұру, көлік, тамақтану және өзге де туристік қызметтерге жұмсайтын шығыны арқылы қалыптасады. Орташа есеппен әрбір мейман Қазақстандағы сапары кезінде шамамен 1400 доллар жұмсайды», - деп есептеді мамандар.

 УЕФА Чемпиондар лигасының матчтары 200-ден астам ел мен аумақта көрсетіледі және жалпы аудиториясы жүздеген миллион көрерменді қамтиды. Бұл - Қазақстанға жер-жаһандағы саяхатшылардың назарын аударуға бірегей мүмкіндік ұсынады.