«Ораза кезінде төбелеспеймін»: Белал Мұхаммад пен Шавкат Рахмоновтың жекпе-жегі қашан өтеді

Автор: Аягөз Құрмаш

Болжамды мерзім - мамыр 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Жартылай орта салмақта UFC чемпионы Белал Мұхаммад Рамазан айында жекпе-жекке шығудан бас тартатынын және октагонға қайта оралатын уақытын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Келесі жекпе-жекте Белал Мұхаммад Қазақстан спортшысы Шавкат Рахмоновпен кездесуі мүмкін. Өз сөзінде ол жекпе-жекке ең қолайлы уақытты атап өтті.

«Наурызда Ораза басталады өтеді, сондықтан осы қасиетті айды өзіме арнаймын. Сәуірде жаттығуымды бастаймын, ал мамырда жекпе-жек өткізу — ең дұрыс шешім болар еді», — деді Белал.

Белал Мұхаммад бұған дейін Рамазан айында бірнеше рет октагонға шыққанын, бірақ мұның қаншалықты қиын екенін айтты.

«Чемпиондық белбеуге жету үшін кез келген мүмкіндікті пайдалануға тырыстым. Сол үшін Рамазан кезінде жекпе-жек өткізуден бас тартпадым. Бірақ бұл өте қиын. Егер таңдау болса, қасиетті айда жекпе-жек өткізбеймін», — деді Белал MMAJunkie.com порталына берген сұхбатында.

Шавкат Рахмонов — Қазақстанның UFC-дегі ең танымал жауынгерлерінің бірі, оның кәсіби рекорды — 17 жеңіс және бірде-бір жеңіліс жоқ. Олардың жекпе-жегі UFC тарихындағы ең қызықты кездесулердің бірі болуға үмітті.