Спорттағы әйелдер зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды — БҰҰ баяндамасы

Автор: Azattyq Rýhy

Құжатта кей спорт түрлерінде трансгендер спортшылардың болуы әйелдерге ауыр жарақаттар әкелуі мүмкін екені айтылған

Фото: © istockphoto.com

БҰҰ-ның әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Рим ас-Салем спорттағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін көтерген жаңа баяндамасын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Баяндамада спорттағы әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына жиі айналатыны айтылған. Сонымен қатар Рим ас-Салем спорттағы трансгендер ойыншылардың қатысуы әйелдерге қауіп төндіретінін атап өтті. Мысалы, волейбол, баскетбол, футбол сияқты спорт түрлерінде трансгендер спортшылардың болуы әйелдерге ауыр жарақаттар әкелуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, ерлердің орташа соққы күші әйелдердікіне қарағанда 162 пайыз жоғары, сондықтан аралас командаларда әйелдердің жарақат алу қаупі жоғары.

Баяндамада әлем бойынша спортпен айналысатын қыздардың 21 пайызы кемінде бір рет сексуалдық қысымға ұшырағаны айтылған. Кейбір жаттықтырушылар мен тәлімгерлер қыздардың сенімін теріс пайдаланып, зорлық-зомбылық көрсеткен.