«Меншіктеп алған жоқсыздар ма?»: танымал журналист күрес федерациясының мәлімдемесіне шүйлікті
Ол федерацияның мәлімдемесін қорқыту деп санайды
Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы Димаш Сұлтанов федерацияның ресми парақшасына пост жаза отырып, бапкерлер мен спортшылардың, төрешілердің абыройына нұқсан келтіретін жалған деректер айтылса, олар жауапқа тартылатынын ескерктен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Құрметті отандастар, біздің спорт түрін сүйетіндер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер мен пікір көшбасшылары. Өкінішке қарай, соңғы уақытта біздің федерацияның қызметі, бапкерлер штабының жұмысы, командаларды құру және басқа да мәселелер бойынша шындыққа сәйкес келмейтін және жалған ақпараттар көп таралып жатыр. Өз пікіріңізбен бөліспес бұрын, сіздерді конструктивті диалогқа шақырғым келеді. Біздің федерацияның есіктері және мен өзім әрқашан сіздер мен сіздердің ақпараттық сауалдарыңыз үшін ашықпын. Кез келген, сіздерге даулы болып көрінген жағдайға қатысты бізден толық жауап алуға әрдайым мүмкіндік бар. Кері жағдайда федерация жалған ақпарат тарату, федерацияның, біздің бапкерлердің, спортшылардың және төрешілердің абыройы мен қадір-қасиетін қорлайтын жалған деректерді тарату, сондай-ақ ұлттық және рулық алауыздықты қоздыру фактілері бойынша құзырлы органдарға жүгінуге мәжбүр болады», - деп жазған Димаш Сұлтанов.
Бұл мәлімдеге қатысты танымал спорт журналисі Аслан Қаженов пікір білдірген.
«Қорқытып-үркітуге көштіңдер ме?! Кейінгі кезде отандық күреске қатысты сын көбейді. Бұл мәселелер бұған дейін де болған. Тек бертін келе әлеуметік желілерде ашық айтылып жүр. Егер проблема осындай деңгейде көтерілсе, сәйкесінше, жауапты ұйым тарапынан оның түсіндірмесі алға тартылады не шешу жолдары ұсынылады. Менің түсінігімде - осылай. Бірақ күрес түрлеріне бойынша федерация басқаша ойлайтын сияқты. Бас хатшысы федерацияның ресми парақшасы арқылы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ескерту жариялапты. Сіздердің бастарың істей ме? Мынау не мәлімдеме? Қорқыту-үркіту ме? Бүгінге дейін қаншама проблема айтылды. Үндемей келдіңіздер. Бірде-бір жауап болған жоқ. Енді әрі ойланып, бері ойланып,тапқандарыңыз осы ма? Федерацияны меншіктеп алған жоқсыздар ма? Әлде, ата-бабаларыңыздан қалған мұра ма? Халық өзінің аузынан жырып беріп жатқан қыруар қаржының есебін талап ете алмай ма? Тілшілер қордаланған мәселелерді көтеріп, оның шешілуіне түрткі болса, сотқа сүйрейсіз бе? Логиканы мүлде түсінбедім», - дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінге дейін журналистерді сотқа сүйрейміз деген федерациялардың ешқайсысы абырой тапқан жоқ.
«Ондайды айтпайды да. Тек Ұлттық олимпиада комитетінің тарапынан Париж олимпиадасы алында осындай бір мәлімдеме болды. Оны неткен адамның өзі кейін жұмыстан шығарылды. Басқа ұқсас жағдайлар есімде жоқ. Егер расымен көпшіліктің сын пікірі ұнамайтын болса, тілшілердің материалдары ішті ашытатын болса, бөлек қала салып алыңыздар. Бюджеттің ақшасына тиіспей, өздеріңіз өмір сүріңіздер. Балалардың да, бапкерлердің де басын қатырып, обалына қалмаңыздар. Сіздерге ұнасын-ұнамасын, шындық айтылады. Иә, ол - ащы. Бірақ, білесіз, ауруын жасырған өледі. Отандық спортты, оның ішінде, отандық күресті өлтірмеңіздер. Керісінше, халықпен де, қоғаммен де бірге болып, нақты жұмыс істеңіздер. Ал, енді оған келіспесеңіз, білгендірңізді істеп, осылай жүре бересіз», - дейді Қаженов.