Қазақстан мен Қырғызстан көкпаршылары финалға өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Ширек финалда Қазақстан АҚШ командасын жеңді

Фото: туризм және спорт министрлігі

Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бақ сынауға келген көкпаршылар бүгін ширек финалда күш сынасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ширек финал ойындары елордадағы «Қазанат» ипподромында өтіп жатыр. Көкпардан Қазақстан құрамасы АҚШ командасын жеңді. Қорытынды есеп: 12:4.

Ширек финалда Қырғызстан көкпаршылары Түркиялық құрама командасын 15:1 есебімен жеңді.

Америкалық «USA Kokpar Team» командасы көшпенділер ойындарында көкпар және көкбөріден бақ сынауға келді. Команда капитан Лэдд Хоуэлл мен тағы жеті ойыншы бар. Олар 2018 жылы Қырғызстанда өткен ІІІ дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан. Команда өз жылқыларын әкеле алмады, сондықтан оларға атты қазақстандық тарап берді. 

Айта кетерлігі, жарыс Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясының ережесі бойынша өтеді. Сайыс 20 минутқа созылатын екі кезеңнен тұрады. Кезең арасында 10 минуттық үзіліс болады. Үзілістен кейін командалар мәре сызығын ауыстырады. Серкенің орнына салмағы 30-33 келіден аспайтын нақпішіні тартылады. 

Ойындардың басталуына бір күн қалғанда спорт түрі бойынша төрешілер алқасы командалардың өкілдерімен бірлесіп техникалық кеңес өткізеді, онда жеребе тасталады және берілген өтінім санына қарай жарысты өткізу тәртібі белгіленеді.

Еске салсақ, көкпарға 9 мемлекет - Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия мен Түркия командалары келді.  9 қыркүйектегі іріктеу кезеңінде ширек финалға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Түркия командалары өтті. Қырғызстан көкпаршылары Моңғолия құрама командасын 16:0 есебімен ұтты.  Түркия командасы Мажарстан ойыншыларын 1:0 есебімен жеңді. Қазақстан көкпаршылары Өзбекстан құрама командасы 16:0 есебімен жеңді.  Ресей командасы Қытай көкпаршыларынан басым түсті, есеп 4:1.