«Білгенін істеп жүр»: Балауса Мұздиман Рыбакинаны қатты сынады
Боксшы қыз спорттағы әріптесінің Олимпиада алдында «ауырып қалғанына» налып отыр
Қазақстанның кәсіби боксшысы Балауса Мұздиман әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакинаны сөгіп тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Легионер болған соң, білгенін істеп жүр. Қазақстанда туып-өссе, қай ұлт болмасын, кіндік қаны тамған, туған еліне бүйрегі бұрып тұрады», - деп жазды ол Рыбакинаның Олимпиадаға бармағаны туралы жазылған жаңалықты тарата отырып.
Бұл ретте боксшы қыз бұл жоқ жерден шу шығару емес, шындық екенін нақты атап өтті.
«Өйткені, біздің құрамада да өзге ұлттың боксшы қыздары бар, бірақ олардың жүректері «қазақ» деп соғып тұрады. Өйткені, олар Қазақстанда туған», - деп жазды ол.
Айта кетейік, сырқатына байланысты Олимпиадаға қатыса алмаған Елена Рыбакина бірнеше күн бұрын қайта жарыс жолына шықты.