Күмісі үшін қымбат сыйлық алмаған Нариман Құрбанов Астанада балалармен кездесіп, оларға қолтаңба берді

Отандасымыз спорттық гимнастикадан күміс медаль жеңіп алды

Күмісі үшін қымбат сыйлық алмаған Нариман Құрбанов Астанада балалармен кездесіп, оларға қолтаңба берді
Фото: видео скрин

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері гимнаст Нариман Құрбанов Астанадағы Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олимпиада жүлдегерінің спортшы балалармен кездескен сәті «Спорт Шредингера» телеграм-арнасында жарияланды.

Видеодан мектеп басшылығы Нариман Құрбановты ыстық ықыласпен қарсы алғаны байқалады. Гимнаст спорт мектебінің оқушыларына қолтаңба берген. Ал балалар Олимпиада жүлдегерінің күміс медалімен кезек-кезек суретке түсіп шыққан.

Естеріңізге салсақ, Нариман Құрбанов Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында тарихи медальді жеңіп алды. Ол спорттық гимнастикадан Олимпиадада жүлде алған тұңғыш қазақстандық спортшы атанды.

Алайда ел намысын абыроймен қорғаған спортшыға өз жерінде лайықты құрмет көрсетілмей жатқан сияқты көрінеді. Олимпиададан жүлдемен оралған өзге спортшыларға табысталған қымбат сый-сыяпат әзірге Нариманға бұйырған жоқ. Ешқандай сыйлық алмағанын спортшының өзі де Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтқан еді. Бірақ ол сыйлықсыз қалдым деп қапаланбайды, "халықтың махаббаты мен қолдауын - үлкен бақыт" санайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.