Редакция тілшісі желіде жұлдызға айналған қарт кісіні іздеп тауып, өзінен сұхбат алды
Ескі үй, ескі теледидарының алдында отырып, Парижде жүрген Елдос Сметовтің жеңісін көргенде, жылап жіберген қария - Шығыс Қазақстан облысы, Үлкен Нарын ауылының тұрғыны Нұрлан Әбішев болып шықты. Бүгін редакция қарияның қолындағы газеті, оның видеосын желіге жүктеген адамның аккаунты арқылы Әбішев атаны тапты. Ауыл тұрғынын табуға ауыл мәслихатының төрағасы Жанар Сыдықова көмектесті. Ал қариямен әңгіме құрып, мән-жайын сұрауға Үлкен Нарын ауданының балалар музыка мектебінің директоры Нұрила Жылқайдарова қолғабыс етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұрлан Әбішев спорт ойындарын бұрыннан сүйіп тамашалайды екен. Олимпиада ойындарын да сонау 1980 жылдан бастап үзбей көріп келеді. Тіпті, Нұрлан Әбішев сонау Мәскеуде Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жеңісті сәтін тамашалағанын да еске алды. Ал күні кеше Елдос Сметовтің жекпе-жегін көзіне жас ала отырып тамашалаған.
«Олимпиаданың ешбір ойынын жібермей тамашалап жүрмін. Елдос Сметов алтын алғанда бөркімді аспанға лақтырып, қуандым. Мен кезінде Жақсылық Үшкемпіров қатысқан Олимпиаданы тамашалап, Мәскеудегі алаңда кілең өзге ұлттың арасында айқай салған едім. 1980 жылғы Олимпиадада Серік Қонақбаев бауырым бокстан жеңіп тұрып, оған өтірік жеңісті бермей, италиялыққа бере салған еді. 3-4 жыл өткен соң италиялық боксшы Патрицио Олива жеңіс Серікке тиесілі екенін мойындаған еді», - дейді Нұрлан Әбішев.
Ауыл тұрғыны жалғызбасты, 78 жаста. Ауылдағы тұрғын Бағланның малына бас-көз болады. Олимпиададағы Елдостың жеңісіне әсерін жұмыс берушісі келіп түсіріп алған.
«Теледидардың алдында көзіне жас алып отыр екен. Бұл кісі менің түсіріп отырғанымды байқамады да. 7 жыл болды менің шаруа қожалығымның айналасында тұрып жатыр. Бұл кісіні 30 жылдан бері білемін. Үй жоқ, күй жоқ деген соң, өзімнің шаруа қожалығымның басына үй салып бердім. Арасында малға қарайды. Осы жақ кең, үйрек-қаз алып келген соң, бағам деп айтты. 2-3 жыл болды, өзі қарап, семіртіп, үй құстарын асырап отыр. Үйі бар, тамағын әкеп беріп отырамын», - дейді жұмыс беруші Бағлан.
Нұрлан Әбішевтің өзі Олимпиада ойындарын теледидар алу үшін емес, спортшыларға шынайы жанкүйер екенін айтады.
«Спортшылар қазақтың намысын қорғап жүр, олар алаңға шыққанда тақым қысып отырмын. Біз көп болса 20 миллион ғана халықпыз, оның ішінде 10 млн қазақ бар. Сол қазақтың ішінен Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметов мықты», - дейді ол.
Нұрлан Әбішев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке Azattyq Rýhy арқылы сәлем жолдады.
«Мен Сметовтің жекпе-жегін теледидар алайыншы деп көрген жоқпын. Шынымен, жақсы көрген соң тамашаладым. Елдос, балам, тіл-көзден сақтанып жүр», - дейді Нұрлан Әбішов атамыз.
Еске салсақ, осыған дейін желіде ескі теледидардан Олимпиада ойынын тамашалап, Елдос Сметовтің жеңісіне шын жүректен қуанған атаның видеосы желіні шулатқан еді. Пікір жазушылар атаға теледидар алып беруге ниет білдірген болатын.
Біз қарияның сәлемін Қазақстан Дзюдо федерациясының баспасөз қызметі арқылы Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке көрсетуге тырысамыз.