Елена Рыбакина Римде әлемнің бірінші ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шықты

Azattyq Rýhy

Биыл Елена әлемнің бірінші ракеткасын үш рет ұтты

Елена Рыбакина Римде әлемнің бірінші ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шықты
Фото: ktf.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина спорттық жолында алғаш рет Рим WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен ойнады. Осыған дейін қарсыластар өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде биыл Е. Рыбакина жеңген еді.

Бірінші партияда Ига Швентек 4:0 есебімен алға кетіп, сол қарқынынан жаңылған жоқ – 6:2. Екінші сетте де Ига 4:2 есебімен алда тұрды. Дегенмен, Елена қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3). Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте Швентек жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты.

Екі сағат 19 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 10 эйс жасап, 1 брейк-пойнтты мүлт жібермеді. 

«Осылайша, биыл Елена әлемнің бірінші ракеткасын үш рет ұтты. Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 20-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен кездеседі. Ол ширек финалда тартысты кездесуде испаниялық Паула Бадосаны жолдан тайдырды – 6:2, 4:6, 6:3», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.