Қазақстан Бейжіңдегі қысқы Олимпиададан медальсыз қайтты
Қысқы спорт. Олимпиада. Ұлттық құрама жазғы Олимпиадаларда спорттың бірқатар түрінен медаль алғанмен, қысқы спорттағы жағдайы бәрімізге белгілі. Тәуелсіздік алғалы бері әнұранымыз ақ Олимпиадада небәрі бір-ақ рет шырқалыпты. Ал биыл жыл басында Қытайдың Бейжің қаласында өткен Ойында қоржынымыз бос қайтты. Ең жоғарғы жетістігіміз – төртінші орын. Шорт-тректен Абзал Әжіғалиевтің қола жүлдеге қарға адым жер жетпей қалғаны есімізде. Төрт мезгілі өз уақытымен болатын елімізде неліктен қысқы спорттың майталмандары аз? Қазақстан құрамасының әлемдік додаларда жарқырап, көк туымызды желбіретуіне не кедергі? Azattyq Ruhy осы тақырыпқа тоқталып, мәселені жан-жақты қарастырып көрмек.
Қысқы спорт есімізге түссе ең алдымен конькиімен ұршықша айналып, түрлі қимыл-қозғалысымен талайды тамсандырған Денис Тен, «Төрт құрлық чемпионатында» сальхов элементін қолданып, күміс жүлдегер атанған Элизабет Тұрсынбаева ойымызға оралатын еді. Алғашқысы 2018 жылы қапыда кісі қолынан көз жұмса, Тұрсынбаева былтыр күзде 21 жасында үлкен спортпен қоштасып, карьерасын аяқтаған болатын. Қысқы спорттағы жағдайымыз осыдан кейін мүлдем нашарлап кеткені анық. Бұл лайықты деңгейдегі спортшылардың аздығы ма, әлде өзге де проблемалардың көптігі ме? Бейжің Олимпиадасынан кейін шорт-трекші Абзал Әжіғалиев қысқы спорттың кемшіліктерін тізбектеп шыққан болатын. Ол өзінің спортына қатысты жеті үлкен проблеманы қозғады:
«Білесіз бе, шорт-тректі түсінетіндер аз, ал қазір көбі Олимпиада ойындарын көріп, бұл спорт түрін енді біліп жатқандарын жазады. Бірақ біз көп жылдар бойы әлем кубогтарына қатысып, әлемнің үздік ондығына кіреміз, Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, оларды озып та жатамыз. Жеңеміз. Бірақ медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды, кішкене болса да осы мәселеге назар аударылып, сыйақы тағайындалса. Бұл да заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың жалақысы, айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде ешнәрсеге назар да аударылмайды. Бізде басқа елдердегідей демеушілік жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз.
Еегер медаль алсаң, сені жақсы көреді, сосын барып саған жағдай жасайды. Бірақ медаль болуы үшін бірінші жағдай жасалуы керек қой. Базадан бастап, қарапайым күнделікті жаттығу да осы жағдайға кіреді», - деп Абзал Әжіғалиев кенжелеп тұрған спорттың проблемаларын айтып шықты.
ҚР ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков те қысқы спорттың жазғы спортпен салыстырғанда үнемі нашар болатынын жеткізді.
«Бір жыл ішінде екі бірдей Олимпиадаға қатысқаннан кейін нәтижелерін салыстырамыз. Бірақ бізде қысқы спорт жазғы спорт түрлерінен айтарлықтай артта қалып келеді. Өткенге көз жүгіртсек, қысқы спортшылар тек 8 Олимпиада медалін алған. Жалғыз алтын жүлде сонау 1994 жылы түскен. Демек қысқы спорттағы жағдайымыз күрт нашарлады деп айта алмаймыз, ол жазғы спортпен салыстырғанда қашанда нашар болды. Қазақстандық спорттағы проблемалар туралы аз айтылып келді. Мәселен бірінші және алтыншы орындар заң бойынша жүлделі орындар болып саналады. Сол сияқты көзге түскен спортшылар мен жаттықтырушыларды мемлекеттік марапаттарға ұсыну жөнінде өтініш жасағымыз келеді. Себебі олардың кейбірі үшінші-төртінші Олимпиаға қатысып, жоғары деңгейде ел намысын қорғады. Карьерасын аяқтайтындар да бар», - деген еді Андрей Крюков.
Үлкен жетістіктердің бастауы қашанда жүйелі істен, тұрақтылықтан басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының жұртшылығымен кездесуінде «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында 2025 жылға қарай дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтарды қамту ісін 50 пайызға жеткізу міндеті қойылғанын, ал Жетісу өңірінде бұл көрсеткіш – бүгінде 34 пайыз екенін айтып өткен болатын.
Өз кезегінде Парламент Сенатының депутаттары Үкімет басшысына сауал жолдап, қысқы спорттың проблемаларына, оның ішінде өңірлердегі жағдайларға, сол сияқты спорт инфрақұрылымдарына тоқталып өтті.
«Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 42 521 спорттық ғимарат бар екен. Ол спорт ғимараттарының 1652-сі Жетісу облысында орналасқан. Дегенмен, біздің бүгінгі депутаттық сауалымызға арқау болып отырған мәселе өңірде кенже қалып отырған қысқы спорт түрлерінің жағдайы.
Барлығыңызға белгілі, биыл Қытайда өткен Қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің ұлттық құрамасы бірде бір медаль ала алған жоқ. Бұл дегеніміз республикалық және өңірлік деңгейлерде қысқы спортты дамыту ерекше көңіл аударуды талап етеді деген сөз.
Бүгінгі таңда құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан елімізде қысқы спорт түрлерін дамытуға жағдай жасалып жатыр. Дегенмен өңірлерде қысқы спорт түрлеріне арналған жабық спорттық кешендер аз. Олардың көбі тек Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Мысалы, еліміздің өңірлерінде коньки спорты бойынша жетістікке жеткен жақсы спортшылар бар болғанымен, коньки спортына байланысты ешқандай өңірде бірде-бір жабық спорттық кешен жоқ екен», - дейді депутаттар.
Сол сияқты биыл облыс Алматы және Жетісу облыстары болып екіге бөлінгенде, қысқы спорт түрлері бойынша негізгі нысандар мен спорт мектептері Алматы облысының құрамында қалғанын тілге тиек етті. Депутаттық сауалда шаңғы спортына тоқтала келе, Жетісу таулары бұл спортты дамытуға қолайлы екенін айтты. Президент өңір тұрғындарымен кездесуінде Үкіметке шаңғы және биатлон кешенін салуды ерекше тапсырған болатын.
«Ресми деректерге сәйкес облыста қысқы спорт түрлерімен жүйелі түрде шұғылданушы халық саны 3 935 адамды құрайды. Сондай-ақ облыстың аудандары мен қалаларында шайбылы хоккей спорт түрі бойынша әуесқой спортшылар айналысуда. Ал кәсіби түрде Жетісу облысында қысқы спорт түрлерін дамыту бойынша Алакөл ауданының Лепсі ауылындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты және «Алакөл ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі», «Сарқан ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» шаңғымен жүгіру спорт түрін дамытуда.
Бұл спорт түрімен аталған ұйымдарда 102 спортшы, ал, оқу-жаттығу сабақтарын 6 оқытушы-жаттықтырушы жүргізеді», - дейді Сенат депутаттары.
Айта кетейік, елімізде кенжелеп тұрған қысқы спортты дамыту үшін Жетісу облысының мынадай тұстары климаты жағынан қолайлы: Алакөл және Сарқан, сол сияқты Ескелді аудандары мен Текелі қаласының таулы аймақтары.
Сенат депутаттары саладағы проблемаларды тізбектей келе мынадай ұсыныстарын да қосып өтті:
«Жетісу облысының спортшылары көгалдағы хоккей бойынша республикалық және халықаралық деңгейлерде жақсы жетістіктер көрсетіп жүр. Еліміздің көгалдағы хоккей бойынша ұлттық құраманың сапындағы ойыншылардың басым бөлігі Жетісудың спорт мектебінен шыққан спортшылар. Бұл ретте, Қазақстанның 2027 жылы хоккейден әлем чемпионаты өткізуге өтініш білдіргенін ескере отырып, Жетісу облысы спортшыларының көгалдағы хоккей бойынша әлеуетін шайбалы хоккей спортына бейімдеу арқылы пайдалану жағын қарастыруға болады», - деген ұсыныстарын білдірді.
Қорытындылай келе айтар болсақ, әр спорттың өзіне сай спорт кешендері, әлемдік деңгейдегі бапкерлері, жарақат алғанда спортшыларға арналған жеке медициналық орталықтар салынбай отандық қысқы спорттың алға жылжып, үлкен жетістіктерге жетуі екіталай. Дүбірлі додаларға санаулы апта қалғанда ғана іске кірісу ақшаны желге шашқанмен тең...