Шахмат олимпиадасында үздік өнер көрсеткен ұлттық құраманы әуежайдан AMANAT-тың жастары күтіп алды

Azattyq Rýhy

Байрақты бәсеке Үндістанның Ченнай қаласында өтті

Шахмат олимпиадасында үздік өнер көрсеткен ұлттық құраманы әуежайдан AMANAT-тың жастары күтіп алды

Үндістанда өткен шахмат олимпиадасына қатысқан қазақстандық шахматшылар Алматы әуежайына қонды. Оларды туған-туыстарымен бірге «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты мүшелері күтіп алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Қазақстанның қыздар құрамасы Ченнай қаласында өткен 44-ші шахмат олимпиадасында 5-орын алды. Бұл ұлттық құрама тарихындағы ең үздік көрсеткіш.

Үндістанда өткен әлемдік шахмат олимпиадасына 2 мыңнан аса қатысушы келген. Жарыста 189 ерлер және 162 әйелдер командасы бақ сынаған.

Партия белсендісі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Жансая Әбдімәлік Үндістанда ең мықты спортшылар ғана жарысатын бірінші тақтада ойнап, дүбірлі додада қола медаль жеңіп алды. Ал Бибісара Асаубаева екінші тақтада ойнап, төртінші орын алды.

Қыздар құрамасында Қазақстан намысын Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Ксения Балабекова, Гүлісхан Нахабаева,  Назерке Нұрғали қорғаса, ұлдар командасы Ринат Жұмабаев, Әлішер Сүлейменов, Мұртас Қажғалеев, Арыстанбек Оразбаев, Қазыбек Нөгербек сынды мықты шахматшылардан тұрды.

Қыздар да, ұлдар да 11 кездесуден өткізді. Ұлдар құрамасы доданың басында 44-орында болып, кейіннен 17-орыннан көрінді. Ал қыздар құрамасы 5-орын алды. 11-нші турда ұлдар да, қыздар да Үндістан құрамасымен кездесті. Ұлдар командасы тең көрсеткіш көрсетсе, қыздар құрамасы жеңіске жеткен.

Еске салайық, Қазақстанның қыздар құрамасы биылғы Олимпиадада команда капитаны Динара Сәдуақасовасыз ойнады. Жас гроссмейстер жарысқа қатыспайтынын өзінің Facebook-парақшасында жазған еді.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы елде шахмат спортын дамытуға ерекше мән беріп келеді. Партия бұл спортты халық арасында кеңінен насихаттауға, шахмат ойнайтын жастар мен балалардың қатарын көбейтуге мүдделі. Себебі шахмат интеллектуалды ұлт идеясын жүзеге асырудың тиімді құралы. Осы мақсатта биыл мамыр айында елордада шахматтан «AMANAT CUP» турнирі  ұйымдастырылды.  Оған 200 ден аса үміткер қатысты. Бұл жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін  болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.