Қытайдағы қандасымыз Бейжің қысқы Олимпиадасында бақ сынайды – Шыңжаң газеті
XXIV қысқы Олимпиада ойындары 2022 жылы 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде өтеді

Қытайда тұратын қазақ қызы Бейжің қысқы Олимпиадасында бәсекеге түспек. Әлемдік додада Қытайдың намысын қорғайтын 22 жастағы қазақ қызы Олимпиада ойындарына шаңғы спорт түрлері бойынша қатысады, деп хабарлайды Шыңжаң газетіне сілтеме жасап Azattyq Rýhy.
Газеттің ақпаратынша, Баян Жалынқызы тау шаңғы спорты бойынша Норвегияда үш жыл жаттығып, біліктілігін шыңдаған. Ол спорттағы жетістіктері үшін Қытай ұлттық құрамасына қабылданыпты. Баян 1999 жылы Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген.
«2018 жылы Норвегия еліне алғаш барған кезде, жергілікті спортшылармен арадағы жарыстарда олардың шалымына да келмедік. Тіптен бапкерлеріміздің жаттығуларына да ілесе алмай жүрдім. Кейін уақыт өте келе осы қиындықтарды біртіндеп еңсердім. Жаңа ортаға да үйрендім. Спорттық нәтижеміз де, біліктілігіміз де жоғарлады. Осыдан соң көңілімізге сенім ұялады. Мен спорттық шеберлігімді үздіксіз жетілдіруге бар күш-жігерімді жұмсап талаптандым. Ендігі арман, асар асуымыз Бейжің қысқы Олимпиадасында жеңіс жолынан, биік тұғырдан көріну. Сол үшін бар күшімізді салып, бақ сынаймыз», – дейді Баян Жалынқызы.
XXIV қысқы Олимпиада ойындары 2022 жылы 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде өтеді. Қысқы Олипиаданы өткізу үшін Қытай мен Қазақстан бәсекеге түскен еді. Халықаралық Олимпиада Комитетіндегі 85 делегаттың дауыс беру нәтижесінде Бейжің қаласы Алматыны басып озды. Делегаттардың 40-ы ғана Алматыны жақтаса, қалғаны Бейжіңде өткенін дұрыс деп тапқан.
2014 жылы ХХІІ қысқы Олимпиада Ресейдің Сочи қаласында өтсе, одан кейінгі ойындар Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында 2018 жылы ұйымдастырылады.