$ 495.28  518.41  5.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Баландин оқыған дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болашақ чемпиондарды қалай дайындайды?

Мектеп-интернат биылдан бастап колледж атағын иеленген

Баландин оқыған дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болашақ чемпиондарды қалай дайындайды?

2016 жылғы Рио-де Жанейрода өткен жазғы олимпиа ойындарында 200 метрлік брасс әдісі бойынша суда жүзуден ел қоржынына алтын салған Дмитрий Баландин оқыған дарынды балаларға арналған мектеп-интернат биылдан бастап колледж статусын иеленді.

Оқу орны жазғы және қысқы спорттың 18 түрінен болашақ дарынды спортшыларды даярлайды. Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қаласындағы «Спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде» барып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Бізді мектеп директорының спорт жөніндегі орынбасары Андрей Николаевич қарсы алып, ғимараттағы мұз айдыны, футбол алаңы мен ауыр атлетика залын, асхананы аралатып, қызықтырған сұрақтарымызға жауап берді.

«Мектеп-интернатымызда спорттың жазғы және қысқы түрлерінің барлығы бар. Бізге болашақта жаңа колледж салып бергенін қалаймыз. Біз тұрған ғимараттың негізі 1935 жылы қаланған. Небір мықты спортшылар осы мектептің қабырғасында тәрбиеленді. 2011 жылғы Азия ойындарының чемпионы Лев Евгений, конькиші Әнуар Мұхаммедов, Риода алтын алып бәрімізді қуанышқа бөлеген Дмитрий Баландин біздің мектептің мақтаныштары. Бүгінгі таңда мектебімізде 300 тәрибеленуші, 45 жаттықтырушы мен 26 педагог маман бар. Бес бірдей қызметкеріміз шебер педагог атағын иеленгендер. Карантинге байланысты былтырғы жылы колледжіміз ашылмай қалды, биылдан бастап колледжіміз бар», -деді Андрей Николайұлы.

МЕКТЕП-ИНТЕРНАТҚА ҚАЛАЙ ТҮСУГЕ БОЛАДЫ?

Мектеп-интернаттың жатақханасы жоқ. Мұнда келушілердің барлығы қалада тұратын оқушылар. Дарынды балаларға арналған спорт мектебінде оқушылар 7 сыныптан кейін ғана оқуға қабылданады.

«Мектепке оқушыларды 7 сыныптан бастап қабылдаймыз. Таңертең балалар мектепке келгеннен, сабақтарын осында оқып, жаттығуларын жаттықтырушылармен бірге өткізіп, үй жұмысын жасағаннан кейін ғана қайтады. Оқу-жаттығу мектепте кешке дейін болады. Оқушыларға мектеп есебінен таңғы ас пен түскі ас тегін беріледі. Асхананың бас аспазы спортшылардың тамақ мәзірін өзі әзірлеген. Мәзір бойынша спортшыларымыздың ағзасына пайдалы тағамдар ғана беріледі. Екі автобус оқушыларды жаттығуға апарып келеді. Колледжде 11 сыныптан кейін үш жыл оқиды. Жастардың спортқа деген құлшыныстары өте жоғары. Карантин кезінде жаттығулардың бәрін онлайн өткіздік, оқушылар да, жаттықтырушылар да осы уақытқа дейінгі еңбекті жоғалтып алмауға бар күштерін жұмсады», - деді спикеріміз.

Мектеп-интернатқа қабылдану үшін бірнеше деңгейлі тесттен өту керек. Бірақ «басымдық оқушының спорттағы қабілетіне беріледі» дейді мектептің оқу ісі-жөніндегі орынбасары Күләш Тайырқызы.

«Мектеп-интернатқа балаларды арнайы іріктеп аламыз. Бірінші оқушылар – физикалық мүмкіндіктерін көрсету үшін жалпы норматив тапсырады, одан соң – өзі таңдаған спорт саласына байланысты дайындығын көрсетеді, үшінші – мектеп бағдарламасындағы пәндер бойынша тест тапсырады. Біз спорт жағына ғана басымдылық бермейміз, оқушылардың білім деңгейіне де мән береміз. Бірақ спорттан үздік болып тұрған оқушыларға оқу үлгерімін түзетуге мүмкіндіктер беріледі. Біз ғана емес, балалардың ата-аналары да олардың білім деңгейлерінің жоғары болуына мүдделі. Сондықтан спорт пен сабақты тең ұстауға тырысамыз», - деді маман. 

Биыл спорт-интернаттың 11 сыныбында оқитын Ілияс Берікхан мен Нұрбек Мұрсал бокстан шеберліктерін шыңдау үшін арнайы осы мектепті таңдап келген. Түрлі қалалық, республикалық жарыстардың чемпионы атанған қос спортшы болашақта Генадий Головкин сынды ел байрағын әлемдік ареналарда көтеруді армандайды.

«Мектептің бір жақсысы мұнда уақытымыз өте тиімді өтеді. Таңертең жаттығуға барамыз, сосын таңғы асқа әкеледі. Одан кейін сабаққа барамыз, түскі асымызды осыннан ішеміз де, үй жұмысына дайындаламыз. Кешке кешкі жаттығуға барамыз. Мұғалімдеріміз де, жаттықтырушыларымыз да өте білікті. Мектепте орыс және қазақ сыныптары бар. Біз қазақ сыныптарының оқушыларымыз. Болашақта бокстан әлем чемпионы болғымыз келеді. Осы мақсатта қолдан келгенше бәрін жасауға тырысып бағудамыз. Спортшылардың кәсіби спортқа бару деңгейінің бірінші баспалдағы – балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық мектеп, екінші – Олимпиада резервінің мектебі, одан кейін мектеп интернат. Бұл деңгейді өткерген спортшы Олимпиадаға дайындау орталығы мен жоғары шеберлік мектебіне барады. Біз де осы жолдарды өткеруіміз керек», - дейді түлектер.

МЕКТЕПТЕГІ ЖАТТЫҒУ ЗАЛДАРЫНЫҢ КӨБІ ЖАЛҒА АЛЫНАДЫ

Мектеп-интернаттың жаттықтырушылары болашақта мемлекет тарапынан жаттығу залы толық жабдықталған ғимарат салынады деген үміттері бар екенін жасырмады. Себебі, үш жаттығу залынан басқа залдардың бәрі жалға алынып отыр.

«Бассейнді жалға аламыз, аумағымыздың көлеміне байланысты өз бассейнімізді сала алмай отырмыз. «Рахат» бассейніне ай сайын миллиондаған қаражат төлейміз. Бассейнге кететін бір жылдық бюджет 20 миллион теңгені құрайды. Қазір балалармен халықаралық турнирлерге дайындалып жатырмыз. Өз бассейнің болмаған соң, бұл жаттығу жағынан белгілі бір қиындықтарға әкеледі. Жалға жұмсайтын ақшаны жарыстарға, түрлі жаттығуларға бөлгеніміз тиімдірек болар еді. Құрама командасына кіретін балалар біздің қаржылық әлеуетіміз жетпей жатқан жағдайда, сол құрамалардың есебінен барады», - деді Андрей Николаевич.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы #спорт