Елордада қаржыгерлер арасында спартакиада өтті
Айтулы жарыс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қаржы министрлігінің құрылғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды
Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ҚР Қаржы министрлігінің құрылғанына 100 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері арасында спартакиада өтті.
Жарыс шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат және дойбы ойындары бойынша өткізілді. Сондай-ақ, ойыншылар 100 және 800 метрге жүгіруде бақ сынасты. Спорттық шараға ҚР Қаржы министрлігі Орталық аппаратының, Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің, Қазынашылық комитетінің, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің, Электрондық қаржы орталығының, Проблемалық кредиттер қорының және Ақпараттық-есептеу орталығының командалары, барлығы 8 құрама қатысты.
Турнирді «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ ұйымдастырды.
Спартакиаданы ұйымдастырудағы негізгі мақсат – қаржы жүйесі қызметкерлерінің арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдық рухты нығайту және Министрліктің намысын қорғайтын құрама команда жасақтау үшін мықты спортшыларды анықтау.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев аталған спартакиаданың осынау күрделі кезде қаржыгерлердің ауызбірлігін нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
«Құрметті жарысқа қатысушылар! Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қаржы министрлігінің құрылғанына 100 жыл толуына орай комитеттер мен еншілес мекемелер арасында ұйымдастырылып отырған дәстүрлі спартакиадамыз араға бір жыл салып, жалғасын тапты. Өкінішке қарай, өткен жылы әлем бойынша орын алған эпидахуалға байланысты бұл шара өткізілмей қалған еді. Іс-шара өте жоғары деңгейде өтуде. Кез келген спорт немесе жарыс жеңіссіз, жеңіліссіз және жарақатсыз болмайтыны белгілі. Сондықтан, баршаңызды бір-біріңізге сыйластықпен, құрметпен қарауға шақырамын. Барлығыңызға сәттілік пен табыс тілеймін! Осындай жарыстарда жиі бас қосып тұратынымызға сенемін», — деді ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Айта кетерлігі, Министр Ерұлан Жамаубаев өзі де спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың бірі. Аталған спартакиада шеңберінде өткен шағын футболдан өткен жарысқа қатысып, әдемі ойын өрнегін көрсетіп қана қоймай, спортшыларға үлгі бола білді.
Спартакиада қорытындысы бойынша шағын футболдан ҚР ҚМ Орталық аппаратының командасы жеңіске жетті, екінші орынды Проблемалық кредиттер қорының командасы қанжығасына байласа, үшінші орын Мемлекеттік кірістер комитетінің командасына бұйырды.
Волейболдан I және III орындарды Проблемалық кредиттер қорының қос командасы, II орынды ҚР ҚМ Орталық аппаратының командасы иеленді.
Шахматта Мемлекеттік кірістер комитетінің командасының ойыншысы үздік деп танылды, II орынды Проблемалық кредиттер қорының ойыншысына бұйырса, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің өкілі III орынды иеленді.
Дойбыдан өткен жарыста Проблемалық кредиттер қоры командасы жеңіске жетті, екінші және үшінші орындарды Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚР ҚМ Орталық аппаратының командалары өзара бөлісті.
Үстел теннисінде ҚР ҚМ Орталық аппаратының командасы шебер ойын көрсетіп, жеңімпаз атанды, II орынды Мемлекеттік кірістер комитетінің командасы, III орынды Қазынашылық комитетінің командасы иеленді.
800 метрлік эстафетада Проблемалық кредиттер қорының спортшылары шашасына шаң жұқтырмыды, ҚР ҚМ Орталық аппаратының командасы екінші келсе, үздік үштікті Мемлекеттік кірістер комитетінің командасы қортындылады.
100 метрге жүгіруде ерлер арасында бірінші орынды Д. Шаймерденов (ПКҚ), екінші орынды Қ. Қылышбай (ММЖК), үшінші орынды Д. Сәдуақас (ОА) иеленді. Әйелдер арасында бірінші орынды А. Ишбанова (ПКҚ), екінші орынды У. Әбдіқайымова (ПКҚ), үшінші орынды А. Орсаева (АЕО) иеленді.
Жарыс жеңімпаздары мен үздік ойыншылар кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.
Анықтама: ҚР Қаржы министрлігі – Қазақстанның қаржы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын ел Үкіметі құрамындағы орталық атқарушы орган. Министрліктің негізгі міндеттері – бюджетті атқару, ҚР Ұлттық қоры бойынша есепке алу және есептілік, салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету және т. б.
Қазақстанның қаржы жүйесінің қалыптасу процесі 1920 жылғы 19 қазандағы Кеңестердің Жалпы қырғыз құрылтай съезінде ҚАКСР Халық комиссариатының құрылуынан және 1921 жылғы 20 тамызда Автономиялық республиканың Халкоматы туралы ережені ҚАКСР Халық комиссарлар кеңесінің бекітуінен бастау алды. Бұл құжат республиканың қаржы органдарының пайда болуы мен дамуында үлкен маңызға ие болды, өйткені ол Халкоматтың және оның жергілікті бөлімшелерінің мақсаттарын, міндеттерін және құрылымдарын айқындады.
1991 жылғы 17 желтоқсанда, яғни еліміздің Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін екінші күннің өзінде мемлекеттің ең маңызды заңнамалық актілерінің бірі – «Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі туралы» Заңның қолданысқа енгізілуі аса маңызды мәселе болды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі өз қызметінде «Бюджет кодексі», «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы», «Азаматтық іс жүргізу кодексі», «Азаматтық кодекс» кодекстері сияқты жинақталған актілерді басшылыққа алады, ол жоғары тұрған органдардың барлық нормативтік-құқықтық актілерінің 38%-ын құрайды.
Қазақстанның бірінші қаржы министрі Төлеубек Әбдіқадыров болды, ол осы лауазымға 1990 жылғы сәуір айында тағайындалып, 1992 жылға дейін министрлікті басқарды.