Сербия билігі Косово құрамасын әлемдік бокс додасына қатыстырмай қойды

Автор: Azattyq Rýhy

Жарыс 24 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді

AIBA Халықаралық бокс ассоциациясы Белградтағы бокстан әлем чемпионатында Косово ұлттық құрамасын қатыстырмаған Сербия билігінен спорт пен саясатты шатастырмауды сұрады

Сербия билігі Косово бокс федерациясын (KBF) әлемдік додаға қатыстырмау бойынша шешімі 1 тәулік бұрын қабылданып, саяси скандал туындады. Бұл AIBA-ның мәселеге араласып, оны бейбіт жолмен шешуге тырысқанына қарамастан оң нәтижесін бермеді.

AIBA өкілдері әлемдік чемпионатқа Косово құрамасының қатыса алмауын «өкінішті» жайт екенін айтып, мәселені шешу үшін ұйымдастыру комитетімен етене жұмыс істегенін, бірақ ымыраға келе алмағанын жеткізді.

«AIBA жарысты өткізуші барлық елдерден басқа қатысушы қонақ елдерге жағдай жасауды және де кедергісіз қозғалуын қамтамасыз етуін талап етеді», - делінген ресми хабарламада. «Сондықтан саяси ерекшеліктерге қарамастан кемсітушілікке жол бермеу принциптері AIBA-ның негізгі құжаттарында қамтылған, ал ол қағидаларды ұстану қабылдаушы елдің басты міндеті», - деді ресми өкілдер.

Сондай-ақ, Косовоға жарысқа қатысуға рұқсат беру – Сербия билігінің алдына қойылған шарттардың бірі болған және сол шартты орындаймыз деген Сербия билігіне әлемдік дода өткізу мүмкіндігі берілген болатын. Бірақ ресми Белград өз уәдесінде тұрмады.

Қабылдаушы мемлекеттің Ұлттық федерациясы AIBA-ның барлық шенеуніктеріне, қатысушы командалардың делегаттарына, сондай-ақ барлық спортшыларға еш кемсітушіліксіз және өз елдерінің Сербиямен дипломатиялық қарым-қатынастарының мәртебесіне қарамастан елге кіру визасын алуына кепілдік беруі міндетті», - делінген келісімде. AIBA Атқару комитеті ұйымдастырушылар ережелерді сақтайды деген уәдеден кейін чемпионатты өткізу мүмкіндігін Сербияға беру туралы шешім қабылдады.

Халықаралық бокс ассоциациясы өкілдерінің айтуынша, AIBA келеңсіз жағдайды шешу үшін өз тарапынан барлық шараларды қолданған, алайда Сербия билігі мен ұйымдастырушы комитет бұған мүдделі емес екенін көрсеткен. «Қабылдаушы ел «спортты саясатпен араластырмау керек» деген ұстанымнан алыстағанын байқатты».

Еуропалық Одақ комиссиясы да аталмыш жағдайға көңіл толмайтынын білдіріп, ресми мәлімдеме жасаған болатын. ЕуроОдақ комиссиясының баспасөз хатшысы Питр Станоның айтуынша, «Косово бокс федерациясының басқа қатысушы елдермен қатар тең дәрежеде қатысу мүмкіндігі болу керек». Сонымен қатар, ол спортты саясиландыру жақсылыққа әкелмейтінін жеткізді.  

Барлық шараларға қарамастан, Косово ұлттық құрамасына екі рет шекарадан өтуге тыйым салынған.

Тегтер: