Петропавлдық зейнеткер спортшыларға арналған аллея ашты

Автор: Azattyq Rýhy

Әзірге мұнда қаз-қатар тізілген 34 мүсін тұр

Петропавлдық ардагер спортшы Бауыржан Құлжанов өзінің үйінің жанында бос жатқан жерде «Даңқ» аллеясын ашты. Ол талай жарыста Қазақстанды әлемді әйгілеген саңлақтарға арналған. Зейнеткер 3 жыл ішінде спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған 30-дан астам ескерткіш орнатты. Енді аллея іргесіне музей салып, құнды жәдігерлерді жиыстырмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

АЛЛЕЯДА ӘЗІРГЕ 34 МҮСІН БАР

Қала шетіндегі Борки кентінде орналасқан аллеяғаның есігі кез келген мейман үшін ашық. Мұнда экскурсияға келгендерді күш атасы Қажымұқанның алтын түстес алып ескерткіші қарсы алады. Ең соңғы болып орнатылған мүсін Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке арналған.

«Аллеяда ескерткіштер орнатылып жатқанда Жақсылық Үшкемпіровке хабарласып, жаңалығыммен бөлістім. Ол «маған да орын қалдыруды ұмытпа» деді. Іші сезгендей. Телефон арқылы болған сол диалогтан кейін бірнеше күн өткенде қайтыс болды. Пандемия талай ұлыларды әкетіп жатыр. Қазақ еліне еңбегін сіңіріп еді. Енді міне, өзі өсиет еткендей бейнесі аллеяның төрінде тұр. Ол жастар үшін үлгі, кейінгі ұрпақ осындай тұлғаның болғанын біліп жүруі тиіс», - дейді Бауыржан Ниязұлы.

Болашақта ескерткіштер қатары тағы да толықпақ. Әзірге мұнда қаз-қатар тізілген 34 мүсін тұр. Барлығы да көзі тірісінде еліміздің спорт саласының дамуына үлес қосқан азаматтар. Аллеяның негізін қалаушы әрқайсынының өмірбаянын жатқа біледі. Келген қонақтарды өзі қарсы алып, тәптіштеп айтып береді.

«Осы жерде дәмхана, мейрамхана сынды бизнес нысандарын аш деген ұсыныстар түсті. Көп ойланып спортшылардың құрметіне аллея-музей салуды ұйғардым. Өйткені дәл жанында спорт кешені бар. Балалар үнемі жаттығып жүреді, осы жерде жүгіреді. Сондықтан көз алдындағы нәрсе көкейде де жатталып қалады.

Мынау ескерткіштегі бейне Душан Лихардус – словак, менің құдам, спортты жақсы көрген, өз елінде қолынан келгенше спортшыларға қолдау білдірді. Мүсінді орнатып, словактарға суретін жібергенде олар аң-таң болды, қазақ халқының өзгелерге осындай құрмет көрсететініне. Владимир Мезев – менің жан жолдасым, ол велоспорттан спорт шебері, Боранбай Балсейітов – досым, Петропавлда кезінде бокс залын ашқан, ол әлі күнге жұмыс істеп тұр. Юрий Усольцев – «Былғары доп», «Алтын шайба» турнирлеріне, «Ақ бидай» спорт мерекесіне үнемі демеушілік жасайтын. Ал мынау Виктор Жиляев деген азамат, ол екеуіміз сексенінші жылдары алғаш рет «Ақ бидай» спорт ойынының негізін қалап, олимпиада алдында өткіздік. Содан бері 40 жылдан астам уақыт спорт мерекесі өңірде тоқтаусыз өтіп келеді, жақсы дәстүрге айналды», - дейді Бауыржан Құлжанов.

Бауыржан Құлжанов – Петропавл қаласының Құрметті азаматы, кеден қызметінің құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасының спорт қайраткері. ҚР қазақ күресінен бірнеше дүркін ел чемпионы, «Қажымұқан» сыйлығының Солтүстік Қазақстан облысынадығы жалғыз иегері. Ардагер спорттың, осы саланы көркейту үшін төгілген тер мен еңбектің шынайы бағасын жақсы біледі.

ҚЫЗЫЛЖАРДА ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ҮЙІ САҚТАЛҒАН

Спортшыларға арналған «Даңқ аллеясында» Мәскеуде 1980 жылы өткен Олимпиадада классикалық күрестен алтын алған балуан Шәміл Серіковке де мүсін қойылған. Мақсат – қазір есімі көп атала бермейтін саңлақты жастаға танытып, есімін ұлықтау.

«Шәміл Серіков жайында көп айтыла бермейді, оған елімізде ескерткіш те қойылмаған. Ол күрестің данышпаны, ерекше тәсіл мен күш иесі еді. 1982 жылы чемпион біздің облысқа келді, қарсы алдық. Шәміл өңірге келген алғашқы олимпиада чемпионы, өкінішке қарай өмірден ерте, 33 жасында кетті. Әйтпегенде талай белестерді бағындырар ма еді, кім білсін? Осы жасқа келіп байқағаным – тума таланттардың көбі ұзақ жасамайды, жарқ етіп көрінеді де, жоқ болады. Жерлесіміз, кикбоксшы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Нүрпейісов те солай. Ауруына берілмеймін деп қашнама күресті. Соңында басында пайда болған қатерлі ісік дендеп, бұл дүниемен қош айтысты. Оған арнап ағаш егіп, тақтайша орнатып қойдым. Құрметке лайық», - дейді спорт ардагері.

Аллеяда күш атасы Қажымұқанның ескерткіші, орыстың кәсіби балуаны, цирк әртісі Иван Поддубныйдың мүсіні, оның жанында жергілікті бокс мектебінен табылған ескі штанга орын тепкен. Мұндай штангамен ертеректе цирктерде өнер көрсеткен екен.

«Қажымұқан циркпен бірге Петропавлға келген. Халық алдында өнер көрсеткен. Осы Петропавлда уақытша тұрған үйі де сақталған. Кейін онда басқа отбасы тұрды. Қажымұқанның мүсінін өзім басқарған «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдығына орай СҚО полиция департаментінің бұрынғы бастығы Берік Біләлов сыйлады. Жалпы, бұл жердегі мүсіндердің басым бөлігі біздің өңірде жазасын өтеген сотталушылардың қолынан шыққан. Ал, соңғыларын жергілікті мүсінші Светлана Брюсова тапсырыспен жасады. Тағы да жаңа ескерткіштер жасауға мүсінші іздеп жүрмін. Демеушілер бар, көмектесетін», - дейді Бауыржан Құлжанов.

СПОРТ АРДАГЕРІ МУЗЕЙ АШПАҚ

Ардагердің коллекциясында Бауыржан Момышұлына арналған мүсін тұр. Ол Кеңес Одағының Батырын үлгі тұтады. Өзінің де есімі Бауыржан болғандықтан, сол атқа сай болуға тырысатынын айтады. Ал, оның қасында Қызыл армияның дивизия бастығы Чапаевқа арналған мүсінді көруге болады. Оның да аллеядан орын табуының өз себебі бар екен.

«Менің спорт жолын таңдауыма осы Чапаевтың ықпалы тиді. Бала кезде бәріміз клубқа жиналып, Чапаев туралы кино көретінбіз, сол кісі сияқты қаһарман болуды армандадық. Үлкендер бізді күрестіріп, жеңгеніміз «Чапаев» боламыз. Мақтау сөз естиміз. Ауылымыздағы жалғыз көлікке мінгізеді. Соған ұмтылып, жеңуге бар күшімізді саламыз. Осылай күреске машықтанып кеттім, кейін ол менің өмір салтыма айналды», - дейді Бауыржан Ниязұлы.

Келесі жоспар – музей ашу. Шағын ғана бөлмеде оған қажетті біраз жәдігер жинақталған. Келесі кезекте ғимараттың құрылысын бастау керек.

«Коллекцияны ертеден жинап келемін. Барған жерден үнемі оны толықтырар зат алып келем. Жеңіп алған жүлдегер, фотосуреттердің барлығын жинақтап жүрмін. Облыстағы атақты спортшылардың бәрі бар. Қазір достарым мен таныстарым да менің коллекцияма сыйлықтар әкеліп беріп жатады», - дейді коллекционер.

Бауыржан Құлжанов – екі жылдан соң 70-ке толады. Әр таңын есік алдындағы жаттығудан бастайды. Спортпен шұғылдануды ешқашан тастаған емес. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО