Павлодарлық 61 жастағы параспортшыға Nur Otan партиясы заманауи протез алуға көмектесті
Енді ол параспортшылар арасында жарысқа қатысады
Павлодарлық 61 жастағы спортшы Берік Әлжановқа Nur Otan партиясының облыстық мәслихат депутаттары су жаңа протез алуға көмектесті. Осылайша ол мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы ҚР VI Спартакиадасына қатысуға мүмкіндік алды.
Берік Әлжанов 2013 жылы қант диабеті ауруының салдарынан екі аяғының тобығынан төменгі табан сүйегіне ампутация жасатқан.
«Аяғымды тобықтан төмен кесіп тастады, ауруханадан үйге оралғаннан кейін орнымнан тұра алмадым. Алғашқыда арбаға отырдым. Бірақ ер азамат болғандықтан біреуге тәуелді болғым келмеді. Мен өзім бұрындары спортпен айналысқандықтан, сол бағыттағы жаттығуларымды қайта жалғастыруды жөн көрдім», - дейді Берік Әлжанов.
Алпысты алқымдаған ел ағасы бұрындары кәсіби түрде бокспен шұғылданған. Алайда, денсаулығына байланысты шаршы алаңды бассейнге алмастыруға тура келген.
«Жігіттер арнайы топ ашты. Ондағы бассейннің ұзындығы 25 метр. Міне сол жерде Евгений Заречнев деген жаттықтырушы болды. Мен оған «аяқсыз қалай жүземін, бұл мүмкін емес» деп едім, ол маған «суға түсіп, бойыңды еркін ұста» деп ақыл-кеңесін айтты. Мен соның айтқанын істеп, суға жатып көрген едім, шынымен де су мені көтерді. Осылайша күні бүгінге дейін мен жүзумен айналысамын», - дейді павлодарлық тұрғын.
Сол 2015 жылы Берік Әлжанов республикалық спартакиадаға қатысып, екі күміс медаль жеңіп алған. Сондай-ақ, 2017 жылы Атырауда өткен жарыста да бағын сынаған. Ал, 2019 жылы спортшы жүрегіне операция жасатуына байланысты жүзуді уақытша тоқтатқан.
«Жарты жылдан кейін мен спортқа қайта оралдым. Бірақ жасым 60-тан асқандықтан бұл жолы жастарға жол беріп, жарыстарға баруды тоқтатқым келді. Алайда, жаттықтырушым «жақсы жүзесіз, барыңыз» деп қоймағандықтан бүгін параспортшылар арасындағы ҚР VI Спартакиадасында бақ сынап жатырмын. 50 метрге жүзетін боламын», - дейді спортшы.
Берік Әлжанов бүгінде 1-топтағы мүгедектер санатына жатады. Оның протезсіз жүріп-тұруы мүмкін емес. Айтуынша, мемлекет әрбір протезге 400 мың теңгеден бөледі. Ал жақсыларының құны 520-600 мың теңгеден басталады.
«Мен Павлодар облысының әкіміне көмек сұрап хат жаздым. Ал, екі аптадан кейін онлайн кездесу өтті. Оған Nur Otan партиясының мүшелері, әлеуметтік қорғау саласының мамандары қатысты. Nur Otan партиясының өкілдері менің мәселемді өз мойынына алды. Шынымды айтсам, менің өтінішім ұзаққа созылады деп ойладым. Бірақ араға бір апта салып облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Нұрханова хабарласып, қайырымдылық шарасын ұйымдастыратынын хабарлады. Жалпы, қайырымдылыққа ақша жинау да оңай шаруа емес», - дейді Берік Әлжанов.
«Мемлекеттік тапсырыспен алынатын протездер Берік Әлжановқа қажетті протездердің нормасына сай келмейді. Олар ескі, ал қазір заманауи протездер шығып жатыр. Модульді протездердің құны 3 млн теңгенің үстінде болды. Мемлекет 936 мың теңгені бөлді, ал қалған 2 млн 116 мың теңгені Павлодар облысы мәслихатындағы Nur Otan партиясының мүшелері жинап берді», - дейді Гүлмира Нұрханова.
Жалпы қомақты қаражаттың жиналғанынан гөрі тапсырысты орындау ұзағырақ болған екен. Барлық тиісті материалдар Германиядан тапсырыспен алынған. Партия мүшелері пандемия кезінде мұндай процестер біраз уақытты қажет ететінін айтты.
«Тапсырсытарды жергілікті кәсіби фирма арқылы жасадық. 16 тамыз күні олар Берік Әлжановтың аяғының өлшемдерін алды. Мұндай игі іске жергілікті «Ортопрот» ЖШС-нің директоры Айгүл Хамиева да көмек қолын созды. Жалпы мелдициналық ортепедиялық протез болғандықтан оны бүге-шүгесіне дейін дәл көрсету керек. Біз барынша тез орындауға тырыстық», - облыстық мәслихаттың депутаттық фракциясы басшысының орынбасары Гүлмира Нұрханова.
Берік Әлжанов бүгінде түрлі жағдайларға байланысты мүмкіндігі шектелген жандарға демеу болып, өмірге деген құшынысын ояту үшін психологиялық қолдау көрсетіп жүргендігін айтады.
«Операцияға түсіп, аяғынан айырылған жандар ауруханадан шыққаннан кейін депрессияға ұшырайды. Міне сондай сәттерде олардың ата-аналары маған хабарласып, менен көмек сұрайды. Мен бір жағынан психолог сияқтымын. Мен өзім сол жолдан өткендіктен, оның не екенін жақсы білемін. Жай сөздер көп көмектесе бермейді. Мен сондай жандарға барған кезімде, олардың алдында аяғымдағы екі протезімді шешіп тастаймын. Олар аң-таң боп қалады. Артынша әңгімелесемін, түңілмеу керектігін түсіндіремін», - дейді Берік Әлжанов.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан