«Теңге ұнамаса, басқа жерде жұмыс істесін». Қожағапанов жаңа қызметінде нендей өзгерістер болатынын айтты
Бұдан былай елордалық клубтың футболшылары мен жаттықтырушыларына ақша доллар және еуромен төленбейді
«Астана» футбол клубы директорлар кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалған Ерлан Қожағапанов жаңа қызметінде қандай өзгерістер болатынын мәлімдеді.
«FCAstana-да кәсіби спорт клубтарын бюджеттік және квазибюджеттік қаржыландыруды қысқарту және олардың жұмысының тиімділігін арттыру бөлігінде Мемлекет басшысының жолдауын ымырасыз және дәйекті түрде орындайтын боламыз. Алдағы уақытта да барлық қолжетімді заманауи әдістер мен технологияларды пайдалана отырып, клубтың жеке табысын арттыра отырып, «Астананың» бюджеттік қаржыландыруын жыл сайын қысқартатын боламыз», - деп жазды.
Директорлар кеңесінің төрағасы «клубты банкротқа ұшырату жоспарланған» деген қауесетті жоққа шығарды. Сондай-ақ бүгіннен бастар клубтың футболшылар мен жаттықтырушылармен арадағы қоғамдық келісім-шарттары құпия болмайтынын айтты. Айтынша, енді футболшыларға және жаттықтырушыларға ақша доллар және еуромен төленбейді.
«Кімге теңге ұнамаса, басқа жерде жұмыс істесін. Басты миссиямыз - міндетті түрде интернатпен бірге Астананың клубтық базасын және толыққанды балалар академиясын құру. Өйткені біз елордалық клубпыз. Демек, біз, Нұр-Сұлтанда еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті ең шалғай ауылдан келген дарынды ұлдар мен қыздарға мүмкіндік беруге міндеттеміз», - деді ол.
Футбол клубы одан әрі дамуы үшін инвестиция салынады және бюджетті негізсіз қымбат футболшылар мен жаттықтырушыларға, легионерлерге жұмсауды тоқтатылады.
«Астананың» трансферттік саясаты мен практикасы жаппай тексерістен өтеді.