Қазақстан құрамасы Токиодан алтын медальсіз оралды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Токио Олимпиадасы қорытындысы бойынша жеке кеңес өткізілетінін мәімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Токио Олимпиадасының қорытындысына байланысты спорттағы жағдайды жеке кеңесте қарау қажеттілігі туындады», - деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде бұқаралық спортпен айналысу үшін халыққа барлық жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Облыс әкімдеріне спорт инфрақұрылымын кезең-кезеңмен салуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Токио Олимпиадасында сегіз қола медаль алған Қазақстан жалпы командалық есеп бойынша 83-ші орынды иеленді. Олимпиадаға барған спортшылардың дайындығы үшін бюджеттен 15 миллиард теңге жұмсалған.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі жолдауы басталды.
Жолдауды республикалық телеарналар тікелей эфир арқылы көрсетіп, негізгі радиостанциялар тікелей толқында таратып жатыр.
Жолдауда елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары туралы айтылады.