Мемлекет берген сыйақыны інімнің еміне жұмсаймын – Игорь Сон

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 75 мың доллар сыйақы алады

Inform.kz

Ауыр атлетикадан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон мемлекеттен алатын сыйақысын қайда жұмсайтынын айтты. Оның қазіргі басты арманы – науқас інісін аяққа тұрғызу. Өзі ел намысы үшін Токиоға аттанғанда отбасы Оңтүстік Кореяға емделуге кеткен екен. Енді ол мемлекеттен берілетін сыйақыны інісінің ем-домына жұмсамақ.

«Мемлекет беретін сыйақыны інімнің еміне жұмсаймын. Басты мақсатым – інімді аяққа тұрғызу. Інім ДЦП-мен (балалардың церебральды сал ауруы) ауырады. Қазіргі уақытта інім, ата-анам, ағам, бәрі Оңтүстік Кореяда, емделіп жатыр», - деді Игорь Сон.

Спортшының сөзінше, Токио төріндегі ауыр атлеттердің бәсекесі әділ, әрі өте қатал өткен. Төрешілердің шешіміне спортшының шағымы жоқ. Ал ауыр атлетикадан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірұлының айтуынша, Зүлфия Чиншанлоға жарыс кезінде психологиялық кедергі жасалған. Төрешілердің теріс әрекетіне бапкерлер мен басшылар ықпал жасай алмаған.  Бәсеке барысында төрешілер қазақстандық спортшылардың мүмкіндігін есепке алмай қойған.

«Төрешілердің асыра сілтеуі байқалды. Спортшылардың сәл ғана теріс қозғалысын үлкенге айналдырып, спортшыларға мүмкіндігін толық көрсетуге кедергі жасады. Ол, әсіресе Зүлфия Чиншанлоның жарыс жолында байқалды. Серпе көтеру, жұлқа көтеру болсын бірінші мүмкіндігінде олардың алған-алмағын бірден есепке алмай, спортшылардың мүмкіндігін толық көрсетуге психологиялық тұрғыда кедергі жасағаны бар. Бас бапкеріміз Бақыт Ахметов видео қайталауды қараған. Сонда да төрешінің шешімі өзгермеді. Өкінішке қарай, біздің оған құзыретіміз жүрмейді. Қанағаттанбасақ та ештеңе өзгермейді», - деді М.Тәпсірұлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Олимпиада ойындарынан чемпион болған спортшылардың әрқайсысына мемлекет 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындаған. Екінші орынға 150 мың, ал қола жүлдемен оралған спортшыларға 75 мың доллардан береді. Токиодағы Олимпиада ойындарында Игорь Сон 61 келіге дейінгі санатта қола жүлде жеңіп алса, Зүльфия Чиншанло 55 келіге дейінгі санатта үшінші орын иеленген еді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы