Ермахан Ибраимов бокстан Қазақстан құрамасына бас бапкер болуға ниетті екенін жасырмады

Ұлттық құрама Олимпиада ойындарында сәтсіз өнер көрсетті деп есептейді ол

Ермахан Ибраимов бокстан Қазақстан құрамасына бас бапкер болуға ниетті екенін жасырмады
Vesti.kz

Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, қазіргі Алматы қалалық мәслихатының депутаты Ермахан Ибраимов Токио Олипиадасында қазақстандық боксшылар неліктен жеңіліп жатқанын түсіндірді. Оның сөзінше, жігіттердің дайындығы нашар болған және дұрыс тактика қолданбаған.

Бүгін Қазақстан Бокс федерациясының атқарушы директоры Мықтыбек Маратбек, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және депутат Ермахан Ибраимов журналистермен онлайн-брифинг өткізіп, аталған тақырыпты талқылады.

Жауапты тұлғалардың сөзінше, Олимпиадаға аттанған жігіттерге қолдау көп көрсетілген. Бірақ, боксшылар үмітті ақтамады. Жеңілістің басты себебі – тактиканың дұрыс таңдалмауы дейді мамандар. Тіпті, жеңіске деген ерік-жігер де байқамадық дейді олар. Қазіргі депутат, бұрынғы бас бапкер әрі Олимпиада ойындарының чемпионы Ермахан Ибраимов болса бұл сәтсіздікке бапкер де жауапты дейді.

«Левит испандық боксшыдан ауыр нокдаун алды да, ойынды төреші тоқтатты. Төреші негізі Василий бірінші ауыр соққыны алғанда нокдаун санау керек еді. Бірақ, қарсыластың тағы соққы жасауына мүмкіндік берді. Левиттің қарсыласы Испанияның атынан шыққанымен, ол Кубаның боксшысы, өте мықты боксшы.

Василий Левидтің қателігі – ара қашықтықты сақтамауы және сол қолымен дұрыс жұмыс істей алмауы.

Ал, 69 кг «қазақтың салмағы» саналып келді. Осы салмақта өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов үшін бұл психологиялық тұрғыда ауыр болды. Абылайхан сол жауапкершілікті көтере алмады, тым сылбыр жұдырықтасты.

Бекзат Нұрдаулетовтың сол қолы мүлдем жұмыс істемеді. Оның қарсыласы Хатаевтың бойы өзінен әлдеқайда төмен, Хатаевты өз отанында Бекзат жеңіп кеткен. Мына Олимпиада кезінде Нұрдаулетов өзін көрсете алмады.

Әлі үмітіміз бар. Жігерлі боксшылар жеңіске жетіп жатыр.

2004 жылдан бастап Ұлттық құрамада мен бас бапкер болғанда Олимпиададан үш медаль алған едік. Боксшылар Б.Артаев, С.Сапиев секілді ойын көрсете алмай жатыр. Егер мен Ұлттық құрамаға қайтадан бас бапкер болсам жігіттерге қолмен ғана емес, аяқпен де жұмыс істеуді, арақашықтықты сақтауды, қорғаныс жасай білуді үйретер едім», - деді АИБА Халықаралық Федерациясы комиссиясының мүшесі Ермахан Ибраимов.

Боксшылардың сәтсіз өнер көрсеткенін Мықтыбек Маратбек те мойындап отыр. Бірақ, ол қоғамнан спортшыларды қатты сынамауды сұрады.

«Боксшыларымыз бірінші күніннен бастап Олмипаданы сәтсіз бастады. Оны бәріміз көріп отырмыз. Пандемияның салдарынан боксшылар жабық базаларда дайындалды. Шетелдегі жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына қатыса алмады. Бұл өз әсерін тигізді. Қатты сынай бермеңіздер», - деді Мықтыбек Маратбек.

Серік Сәпиев болса жарысты жалғастырып жатқан төрт боксшы медаль алады деген сенімін жасырмады.

«Үмітіміз бар. Әлі де 3-4 медаль алуға боалды. Жарысты жалғастырып жатқан төрт боксшыға үміт артып отырмыз. Төрешілер қаралық жасап жатқан жоқ. Айқын басымдықпен жеңсе Олимпаида ойындардағы төрешілер жеңісті береді. Олимпиададан кейін кеңейтілген отырсы өтеді. Оған бапкерлер, ҰОК басшылары қатысады. Сол кезде бас бапкерді ауыстыру немесе өзге де болатын өзгерістерді хабарлаймыз», - деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев.

Айта кетейік, Олимпиада ойындарына барған 8 боксшының төртеуі бірінші жекпе-жегін жеңіліп қалды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.