Тарихи жеңіс: қазақстандық жасөспірімдер паделден Азия кубогында қола жүлдегер атанды

Жарыс 7–14 қараша аралығында өтіп, ұлдар арасындағы сайысқа Азияның 17 құрамасы қатысты

Тарихи жеңіс: қазақстандық жасөспірімдер паделден Азия кубогында қола жүлдегер атанды
Фото: Спорт комитеті

Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткен паделден жасөспірімдер арасындағы II Азия кубогы (FIP Junior Asia Padel Cup 2026) мәресіне жетті. Бұл дүбірлі додада ел намысын қорғаған Қазақстан құрамасы тарихи нәтиже көрсетіп, турнирдің қола медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жарыс 7–14 қараша аралығында өтіп, ұлдар арасындағы сайысқа Азияның 17 құрамасы қатысты. Айта кетейік, падел спортынан жасөспірімдер арасындағы Азия кубогы алғаш рет 2024 жылы Бахрейнде өткен болатын. Биыл бұл бәсекеге тұңғыш рет қатысқан қазақстандық жас спортшылар бірден үздік үштікке еніп, үлкен сенсация жасады.

Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы халықаралық падел турнирінде қола медаль жеңіп алды. Отандастарымыз жарыс барысында Катар, БАӘ, Малайзия, Оман және Ливан құрамаларын жеңді. Ал Иран мен Кувейт командаларына есе жіберді.

Үшінші орын үшін өткен кездесуде қазақстандықтар Сауд Арабиясы құрамасын 2:1 есебімен ұтып, турнир жүлдегерлері атанды. Жарыс қорытындысы бойынша Иран құрамасы бірінші, Кувейт екінші, ал Қазақстан үшінші орынға ие болды.

Ел намысын үш жас санатында алты спортшы қорғады. U14 санатында Әлібек Дүйсенғазин мен Ибрагим Рахматуллин, U16 санатында Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин, ал U18 санатында Дамир Дүйсенғазин мен Таир Қайретдинов өнер көрсетті.

Құрамаға Тимур Хабибулин, Әділ Елтаев және Әлішер Сағынов жетекшілік етті.