Софья Самоделкина Гран-при кезеңінде үздік бес спортшының қатарына енді
Мәнерлеп сырғанаушылар еркін бағдарламаны Астана уақытымен 2 қарашаға қараған түні орындайды
Қазақстан құрамасының мәнерлеп сырғанаушысы Софья Самоделкина Келоуна қаласында өтіп жатқан Гран-при сериясының екінші кезеңінде бақ сынап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отандық спортшы әзірге аралық нәтиже бойынша үздік бес спортшының қатарына енді.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша 71,84 ұпай жинап, уақытша бесінші орынға жайғасты.
Жарыс кестесінде жапониялық Мао Симада 82,11 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орында 78,50 ұпай еншілеген америкалық Изабо Левито болса, үздік үштікті 77,24 ұпай жинаған эстониялық Нина Петрыкина түйіндеді.
Мәнерлеп сырғанаушылар еркін бағдарламаны Астана уақытымен 2 қарашаға қараған түні орындайды. Осы кезеңнен кейін жарыстың қорытынды нәтижесі белгілі болады.