Сенегалда IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы ашылды

Қазақстанның мемлекеттік туын дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен волейболшы Әлихан Ағабек алып шықты

Сенегалда IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы ашылды
Фото: olympickz

Сенегалда IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты өтті. Тарихта тұңғыш рет жасөспірімдердің Олимпиада ойындары Африка құрлығында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Дакар-2026» халықаралық додасының ашылу салтанатында Қазақстанның мемлекеттік туын дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен волейболшы Әлихан Ағабек алып шықты. Екі спортшы да 2025 жылы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жеңімпазы. Сонымен қатар Фатима Сұпығалиева 2026 жылы кадеттер арасында дзюдодан әлем чемпионы атанған.

Бұл жолы Қазақстан құрамасы сапында 18 спортшы спорттың 11 түрінен жүлдеге таласады. Жалпы жарысқа әлемнің әр елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысып жатыр.

Айта кетейік, биыл жасөспірімдер Олимпиадасына қатысушыларды іріктеу тәртібі өзгерді. Бұрынғыдай арнайы іріктеу жарыстары өткізілмей, жолдамалар Халықаралық Олимпиада комитеті мен халықаралық спорт федерациялары белгілеген критерийлерге сәйкес бөлінді.