Әзірбайжан астанасы Баку қаласындағы Baku Sports Hall кешенінде қазақ күресінен ересектер арасындағы Әлем чемпионатының алғашқы жарыс күні мәресіне жетті
Әзірбайжан астанасы Баку қаласындағы Baku Sports Hall кешенінде қазақ күресінен ересектер арасындағы Әлем чемпионатының алғашқы жарыс күні мәресіне жетті. 24 елдің спортшылары бақ сынап жатқан бәсекеде Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль еншіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ерлер арасындағы төрт салмақ дәрежесінің үшеуінде қазақстандық балуандар бас жүлдеге ие болды. 55 келіде Рузимон Тугушев финалда тәжікстандық Мубориз Баротзоданы екінші мәрте жеңіп, әлем чемпионы атанды. 60 келіде Ернұр Сүлеймен шешуші белдесуде грузиялық Георги Инашвилиден басым түсіп, Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды. Ал 74 келіде Жұмажан Қожамбеков финалда Тәжікстан өкілі Мухаммадражаб Хусейнзоданы жеңіп, бес дүркін әлем чемпионы атанды.
Әйелдер арасында Ардақ Нұрсақ (60 кг) күміс жүлдегер атанса, Жанат Казез (48 кг) қола медальды місе тұтты.
Жарыс барысында, сондай-ақ, Иран мен Өзбекстан құрамаларының спортшылары бірнеше алтын алды. Толық құраммен қатысып жатқан отандық құрама салмақ дәрежелері бойынша алдағы күндері бәсекені жалғастырады.