Бибісара Асаубаева АҚШ-тағы супертурнирде алтын жүлдеден қағылды
Шахматшы қыз турнирдің 8-туры аясында Қытайдың бұрынғы әлем чемпионы Тань Чжунъиден жеңіліп қалды
Қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева АҚШ-та өтіп жатқан Cairns Cup супертурнирінде бірінші орын алу мүмкіндігінен айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шахматшы қыз турнирдің 8-туры аясында Қытайдың бұрынғы әлем чемпионы Тань Чжунъимен ойнады. Асаубаева қара түсті фигуралармен ойнаған партияда қарсыласына есе жіберді. Осы жеңілістен кейін Бибісара Асаубаеваның еншісінде 4,5 ұпай қалды. Қазір ол турнир кестесінде америкалық Карисса Йиппен бірге 3-4-орындарды бөлісіп тұр.
Cairns Cup турнирінің шешуші, 9-туры бүгін өтеді. Соңғы партияда қазақстандық шахматшы Үндістан өкілі Хампи Конерумен кездеседі. Бұл жолы Асаубаева ақ түсті фигуралармен ойнайды.
Егер Бибісара Асаубаева соңғы партияда жеңіске жетсе, турнир қорытындысы бойынша үздік үштіктегі орнын сақтап қалуға мүмкіндік алады.