Спортшы жарақат алмаған, жол апатынан тек жалға алған велосипеді бүлінген
Қазақстандық парашаңғышы Ербол Хамитов Италияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны кезінде жол апатына түсті. Спортшы зардап шеккен жоқ, алайда ол жалға алған велосипеді бүлінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy,
Хамитов болған жағдайды Instagram парақшасында айтып берді. Спортшының сөзінше, Mercedes минивэні оның велосипедіне соғылып, жүргізуші тоқтамастан кетіп қалған.
«Ассалаумағалейкум! Менің басымнан жағымсыз жағдай өтті. Mercedes минивэні мені қағып, тіпті ештеңе айтпастан кетіп қалды. Жарайды, мен әрі қарай жүре бердім. Бірақ жалға алған велосипедімнің дөңгелегін майыстырып кетті», – деді Ербол Хамитов.
Оқиғадан кейін спортшы велосипедті жалға алған дүкенге барып, болған жағдайды түсіндірген. Сөзін растау үшін жол апаты түсірілген видеоны көрсеткен.
«Велосипедті жалға берген дүкенге барып, жағдайды түсіндірдім. Бұл жерде менің кінәм жоқ екенін дәлелдейтін видеоны көрсеттім. Минивэн жүргізушісінің оқиға орнынан кетіп қалғаны белгілі болды. Велосипедті жалға берген адам полиция шақырғысы келді», – деді спортшы.
Алайда Хамитов полицияға хабарласпауды және жүргізушіні жазаламауды сұраған. Ал бүлінген велосипедті жөндеуге кететін шығынды өзі өтеген.
«Мен полиция шақырудың қажеті жоқ екенін айттым. Бәріміз аман-саумыз. Видеодан бұл жағдайға менің кінәлі емес екенім көрінеді. Соған қарамастан майысқан дискінің ақысын өзім төледім. Жүргізушіні жазалаудың қажеті жоқ, бұл жағдай оған сабақ болар», – деді Хамитов.
Спортшы бұл оқиғада ең бастысы ешкімнің жарақат алмағанын атап өтті.
«Қуаныштысы – ешкім зардап шеккен жоқ. Тек велосипед бүлінді», – деді ол.
Ербол Хамитов – бір Паралимпиадада бірден екі медаль жеңіп алған Қазақстан тарихындағы алғашқы әрі жалғыз спортшы. 2026 жылы Италияда өткен қысқы Паралимпиада ойындарында ол шаңғы жарысы мен биатлоннан алтын және қола жүлдеге ие болды.
Хамитов бұған дейін де отандық спорт тарихына енген. Ол 2023 жылы парашаңғы жарысынан әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ парабиатлоннан әлем кубогында беделді «Хрусталь глобус» жүлдесін жеңіп алған.