Соня Жиенбаева Испаниядағы турнирлерде қатарынан екінші титулын жеңіп алды
Қазақстандық теннисші финалда Қытай өкілін екі сетте жеңді
Қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева сәтті өнерін жалғастырып, Испанияның Виго қаласында өткен W35 санатындағы турнирдің жеңімпазы атанды. Финалда 20 жастағы спортшы Қытай өкілі Юфей Ренді екі сетте жеңді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.
Финалдық кездесу Жиенбаеваның пайдасына 7:6 (8:6), 7:5 есебімен аяқталды. Матч 1 сағат 46 минутқа созылды. Бірінші партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте басым түссе, екінші сетте қарсыласын жеңіп, кезекті жүлдесіне қол жеткізді.
Жиенбаева үшін бұл World Tennis Tour турнирлеріндегі қатарынан екінші титул. Бір апта бұрын ол Испанияның Оренсе қаласында өткен жоғары санаттағы W75 турнирінің чемпионы атанған еді. Сол жарыстың финалында қазақстандық теннисші болгариялық Изабелла Шиникованы жеңді.