Алматылық клуб енді Еуропа лигасында өнерін жалғастырады
Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчта Болгарияның «Левски» клубынан жеңіліп, турнирдегі жолын аяқтады. Кездесудегі жалғыз гол бірінші таймда соғылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Қарымта кездесу 11 тамызда «Түркістан Арена» стадионында өтті. Матчқа Германиядан келген Даниэль Зиберт бастаған төрешілер бригадасы қызмет көрсетті.
«Қайрат» алаңға мына құрамда шықты: Анарбеков, Қасаболат, Широбоков, Африко, Мата, Байбек, Оксанен, Мрынский, Мендонса, Юккола, Гуаль.
«Левски» сапында алғашқы минуттардан Вуцов, Сентельес, Серафимов, Димитров, Невеш, Сержинью, Трдин, Эль-Мубарик, Окофлекс, Бала және Рейналдо ойнады.
Алаң иелері басымдық танытып, допты көбірек бақылауда ұстады, алайда қауіпті сәттерді көп жасай алмады. «Левски» қарымта шабуылдарға иек артып, 13-минутта есеп ашты. Рейналдо алыстан дәл соққы жасады.
Екінші таймда «Қайрат» қысымды күшейткенімен, есепті теңестіре алмады. Ал қонақтар екінші голды соғуға екі рет жақын болды. Рейналдоның соққысынан кейін доп қақпа маңдайшасына тисе, Сержинью бағананы көздеді.
Матч «Левскидің» 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Командалардың алғашқы кездесуі де Болгария клубының пайдасына 1:0 есебімен аяқталған еді. Екі матчтың қорытындысы бойынша «Қайрат» 0:2 есебімен жеңіліп, Чемпиондар лигасынан шығып қалды.
Енді Рафаэль Уразбахтин шәкірттері Еуропа лигасында өнерін жалғастырады. Плей-офф кезеңінде «Қайрат» Бельгияның «Андерлехт» және Грекияның ПАОК клубтары арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі. Алғашқы матчта «Андерлехт» сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Егер «Қайрат» Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде де жеңілсе, алматылық клуб Конференциялар лигасының негізгі кезеңіне өтеді.
Бұған дейін «Қайрат» биылғы еурокубок маусымында Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьеска» клубын екі матчтың қорытындысы бойынша 4:1 есебімен жеңген. Сондай-ақ Кипрдің «Омониясынан» негізгі ойын қорытындысында 2:2 есебімен тең түсіп, пенальти сериясында 6:5 есебімен басым түскен.